Жұмыс • Бүгін, 14:15

Түрлі саладағы тілшілер: бір мамандық – мың мүмкіндік

60 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

XXI ғасырды бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес, себебі бұл сала жыл өткен сайын дамып келеді.  Журналистика әлеуметтік институт болғандықтан, халыққа әлемде болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар болуға мүмкіндік береді. Билік пен азаматтар арасында алтын көпір қызметін атқаратындықтан қоғамның негізгі қозғаушы күші де ең алдымен, журналистер қауымы.  28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы саланың ыстығына күйіп, суығына төзіп, жан-жақты қабілеттілігі мен әмбебаптығының арқасында түрлі салада еңбек етіп жүрген әріптестеріміз еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті, деп жазады Egemen.kz.

Түрлі саладағы тілшілер: бір мамандық – мың мүмкіндік

Фото: Ашық дереккөз

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Журналистика өмірімді күрт өзгертті

Журналистикаға магистратурада оқып жүрген кезімде келдім. Бұл сала маған алыстау болды, себебі педагогика мамандығын тәмамдап, магистратурада «Педагогика және психология» мамандығында білім алып жүрген едім. 2006 жылы бір саяси шарада «Астана» арнасына сұхбат бердім. Содан кейін мені аталған арнаның жаңалықтар жүргізушісі Оксана Петерс қонақ ретінде студияға шақырды. Сол сәт менің журналистика саласына келуіме әсер етті деп ойлаймын, өйткені телеарна мені жұмысқа шақырды. Көп ойланып уайымдадым, аталған ұсыныстан бас тартпақшы да болдым. Бірақ  маған Шымкент қаласындағы Хабар агенттігінің меншікті тілшісі Әбдез Рахманұлы ағамыздың  «шақырған жерден қалма, әлі жассың өзіңді барлық салада сынап көру керек» деген сөзі әсер етті. Мен 2006 жылдан бастап «Астана» арнасының қазақ редакциясында жаңалықтар жүргізушісі қызметіне келдім.

М.Рожин

Содан үш жыл сол арнада студияда жаңалық оқыдым, содан кейін «Жетінші» арнаға «Нысана» бағдарламасына келіп, ол жерде де үш жыл  тілші қызметінде жүрдім. Журналистикада жалпы 10 жылдай қызмет етіп, түрлі жетістіктерге жетіп, одан ары қарай қоғаммен байланыс саласына ауыстым. Жалпы санап көрсем, ақпарат саласында, қоғаммен байланыс саласында 15 жылға жуық жұмыс жасаппын.

Журналистика саласы менің өмірімді күрт өзгертіп, жаңа белестерге жетеледі. Еліміздің ақпараттық кеңістігі мен журналистика саласына еңбек еткеніме мақтанамын. Еңбек жолымда маған ұстаз болып, шеберлік тұрғысында қатты әсер еткен, мені баулыған талай мықты мамандар кездесті. Атап айтқанда Бибігүл Жексенбай, Михаил Дорофеев, Айбек Алдабергенов, Тимур Асылханов, Торғын Оспанбаева, Оксана Петерс, Данияр Орал, Айбар Олжай. Осы кісілерге өзімді өмір бойы қарыздар сезінемін. Өйткені менің маман ретінде қалыптасуыма орасан зор үлес қосқан сол кісілерден көп нәрсе үйрендім!

Журналистика мен депутаттық қызмет жалпы ұқсас, өйткені аталған екі сала да мемлекет пен халықтың арасында алтын көпір рөлін атқаратыны мәлім.

Рауан Сәбитұлы, «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі директорының орынбасары:

Алпауыт компания 100 мың теңге ұсынған

Журналист мамандығының өзіне тән қызығы да қиындығы да жетерлік. Қызмет бабында түрлі жағдайларға кезігіп, түрлі оқиғаларды бастан өткересің. Кейде редакциялық тапсырмадан бөлек өзіңнің кәсіби әуестігің мүлдем ойламаған нәтижелерге жеткізіп жатады.

Р.Сәбитұлы

Ол кезде оқырманы 50 мыңға жетеғабыл «Ана тілі» газетінде қызмет етемін. Бірде елімізге белгілі ірі сауда желісіне бас сұғып, консервідегі тамақ алдым. Үйге барған соң құрамы қазақ тілінде жазылған сыртындағы жапсырма қағазына көзім түсті. Сосын ерінбей өте ұсақ әріптермен жазылған орыс тіліндегі жапсырма қағазындағы мағлұматтарды да оқып кеп қалсам, ішінде доңыз майы бар болып шықты. Ал қазақшасында бұл мәлімет мүлдем көрсетілмеген. Сауда желісінің маркетингін бірден ұға қойдым, әдетте қазақтілді тұтынушының басым бөлігі мұсылман болған соң доңыз еті мен майына жолай қоймайды.

Содан дереу әлгі сауда үйінің сөрелеріне зерттеу жүргізіп, тура осындай өзге де өрескелдіктерді таптым. Көп ұзамай газеттің айқара бетіне «Сауда үйі тұтынушыларды неге алдап отыр?» деген мақалам жарқ ете қалды.

Жасыратыны жоқ, ол кезде газет-журналдар әлі де пәрменді еді. Басылымда мәселе көтерілсе, ол міндетті түрде шешімін табатын.

Әлгі мақала жарық көрген соң сауда желісінің басшылығы мені кеңсесіне шақырып, өз былықтарын жуып-шаю мақсатында 100 мың теңге ұсынды. Талап-шарты біреу ғана – әлгі сын мақаланың ізін суытпай компания туралы оң рәуіштегі жағымды мақала жазуым керек. Ол кездегі айлығымыз 25 мың теңге екенін ескерсек, пәтер жалдап жүрген бойдақ үшін бұл қаншалықты көп ақша екенін өзіңіз елестете беріңіз.

Бірақ бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, керісінше аталған мәселені одан ары індете зерттеп, тағы бір дүркін мақала жарияладық. Нәтижесінде әлгі компания халықтан кешірім сұрап, қателерін түзеуге мәжбүр болды.

Төрі жоқ күркедегі бес мұңлық

Сол кездегі редакциямыз орналасқан Абай-Гагарин көшелерінің қиылысында газет сататын дүңгіршек бар еді. Ештеңеден секем алмастан сол дүңгіршектен үнемі газет-журналдар сатып алып жүретінбіз. Бір күні менің осы маңда жұмыс істейтін журналист екенімді білген соң сатушы апай маған мұңын шақты. Сөйтсем, үйі-күйі болмаған соң бірнеше айдан бері төрт баласымен бірге сол дүңгіршекте өмір сүріп жатыр екен. Айналуға келмейтін аядай ғана жерде бес адам қалай тіршілік етуі мүмкін деп өз құлағыма өзім сенбедім. Менің осы секемімді сезгендей сатушы апай ішке шақырды. Жүрексіне басып табалдырықтан аттасам, расында қарақошқыл бөлмеде көздері жаутаңдап бес мұңлық отыр. Сырттағы адамдар байқамасын деп күндіз жарықты жақпайды екен.

«Төрлет!», деді апай есік алдында состиып тұрып қалған маған күлімсірей қарап. Төрлет дегені жай қазақы жоралғы ғой, әйтпесе төрге озбақ тұрмақ аяқ созып отыра алмайтын, бел жазып жата алмайтын кәдімгі жаман-жәутік күрке. Жүрегім сыздап кетті. Алматыдай алып шаһардың орталығында бес тағдыр адам төзгісіз жағдайда өлместің күнін кешіп жатыр.

Газетке бұл туралы бір емес, екі мәрте бердік. Кейін өзге ақпарат құралдары да іліп әкетіп, қоғамдық резонанс туғызды. Ақыры Алматы әкімдігі араласып, мұңлықтарға екі бөлмелі пәтер бұйырды. Сол кездегі қуанышым әлі есімнен кетпейді. Осыдан кейін кейде адамдарға шарапатыңды тигізетін қаламның қуатын мойындамай көр.

Иә, мұндай оқиғалар журналист өмірінде жиі кездеседі. Сол үшін де ол билік пен халық арасын жалғаушы алтын көпір. Ең бастысы – өз принципіңе адал болсаң – ол да елдік қызмет екенін естен шығармауымыз керек.

Гүлмира Әшірбекова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің доценті:

Отандық медиабілім саласында  бәсекелестік жоғары

Журналистік білім беру бойынша өзекті мәселелерді зерттеу, олардың себептерін айқындау, шешімін табу жолдарын қарастыру – біз үшін ең басты міндет. Зерттеу нәтижелеріне талдау жасайтын болсақ, отандық медиабілім саласында жоғары бәсекелестік байқалады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияның қарқынды дамуы журналист этикасына қатты ықпал етіп жатыр. Болашақ маман ақпарат тарату ғана емес, пікір қалыптастыра алатын мүмкіндігін ешқашан ұмытпауы керек. Журналистік білім беру тұрғысында әуелі оның қоғам алдындағы жауапкершілігін ескеру маңызды.

Г.Әшірбекова

Жоғары оқу орындарының барлығына тән ең өзекті мәселе – профессор-оқытушылар құрамының кәсіби дайындығы. Көптеген ЖОО-да журналистік білім беру бойынша базалық білімі бар мамандар емес, басқа саланың ғалымдарының үлесі басым. Бұл – журналистиканың ғылым ретінде әлі күнге дейін мойындалмағанын және журналистика бойынша PhD философия докторларының жетіспеушілігін көрсетеді. Осы олқылықтың салдарынан болашақ мамандарды кәсіби тұрғыдан даярлауда теория мен тәжірибе үйлесім таппай отыр. Көптеген университеттерде, оның ішінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ практик-мамандарды оқытушылық қызметке тарту белсенді жүзеге асырылып келеді.

Журналистік білім беруде симуляция, теория мен практикалық сабақтың тепе-теңдігін сақтау, жаңалық жазу, сюжет даярлауға машықтандыру маңызды. Болашақ маман үшін сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыруға ерекше ден қоюымыз керек. Сыни ойлау дағдысы фактчек жасау, заңнаманы және этиканы сақтауда өте қажет.

Салаға қызығушылар мен талапкерлер саны жылдан жылға артып келеді, сондықтан журналистің жұмысына жасанды интеллект көмекші қызмет қана атқаратынын айтқым келеді. Тағы бір айта кететін жайт, жасанды интеллектінің көз ілеспес жылдамдығын ескере келіп, ақпарат тарату, мәтін жазу, фактчек, авторлық құқық мәселелері күн сайын алдымыздан шығып отыр. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан заңнамалық құжаттар қабылдау қажет деген ойдамын.

Жанболат Кенжеғұл, Ұлттық ұланның баспасөз қызметкері:

«Egemen Qazaqstan» ұжымында шыңдалдым

2018 жылы Қостанайдағы А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университеттің бейінді магистратурасын аяқтаған соң, Астанада жұмыс істегім келді. Біраз мекемелерге түйіндемемді жолдадым, телеарналардың кастингтеріне қатысып көрдім. Бірақ сол шақта маған тек қана «Egemen Qazaqstan» газетінің интернет-редакциясы есігін айқара ашты. Бір жарым айға жуық тегін тәжірибеден өткен соң, маған ютуб арнаны жүргізу тапсырылды. Өзім оператор, өзім журналист, өзім монтаждаушы ретінде сынақтан өттім. Кейін қосымша сайттың жұмыстары жүктелді. Уақыт өте келе интернет-редакцияның белсенді тілшісіне айналып шыға келдім.

«Egemen Qazaqstan» мен үшін құтты шаңырақ болды. Қанатымды қатайтып, қатарға қосқаны үшін де бас басылымға, сондағы әріптестеріме өзімді қарыздар сияқты сезінемін.

Ж.Кенжеғұл

Бір күні Жолдыбай Базар аға мені кабинетіне шақырып алып, нені ұнататынымды сұрап алған соң бірқатар тапсырма берді. Көп ұзамай айтқан мақалаларын жазып әкелдім. Қателерді көрсетіп, ақыл-кеңесін айтты, содан соң қолын жайып батасын берді. Сөйтіп журналистикадағы жолымды Жолдыбай Базардың батасымен бастадым. Талғат Батырхан ағамыздың қамшылауымен газет бетінде ауылымыздың мәселесін көтердім, Бекен Қайрат аға күш-жігерімді қайрайтын, бас редактор Ғабит Мүсіреп ағалық ақылын айтатын. Осындай жанашыр жақсы-жайсандардың жанында біршама тәжірибе жинадым.

Осылайша «Egemen Qazaqstan» газеті мен сайтының журналистерінен үлгі ала жүріп, үйреніп, азды-көпті шыңдалдым. Бес жылға жуық жұмыс істеген соң, өміріме өзгеше өзгеріс жасағым келді.

Сондай күндердің бірінде Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне журналист іздеген хабарландыруға кезіктім. Сол хабарландыру мені әп-cәтте әскери қызметшіге айналдырып жіберді десем болады. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерінің «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы редакциясында қызмет атқарып келемін. Әскери басылымның бас редакторы полковник Ерболат Сұлтановтың жеке құрам алдында «Егеменнің мектебінен өткен азамат» деп таныстырғанына да екі жыл өте шығыпты. Бұл қызметте де үйренетін дүние көп.  Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жанкешті қызметі мен үлгілі оқиғаларын ел ішінде тартымды етіп тарату да кәсібилікті қажет етеді. Бұл өз кезегінде жастардың патриоттық тәрбиесіне және отансүйгіштік қасиетіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан қоғамның қажетіне де жарап жүрміз деп ойлаймын.

Соңғы жаңалықтар