Марапат • Бүгін, 08:00

Әріптестеріміз – абырой биігінде

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қай марапат болсын, шын иесін табуымен құнды. Таланты тас жаратын, еңбегі талас тудырмайтын лайықты азамат нағыз бағасын алса, өзіміз марапатталғандай марқайып қалатынымыз бар. Өзіміз дейтін жөніміз, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырханға Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығын табыстады.

Әріптестеріміз – абырой биігінде

Осындай сыйлықтың төресімен Журна­листер күні қар­саңындағы марапаттар тиегі ағытылды. Президент өз қо­лымен табыстаған дипломда бұл сыйлық Талғат Батырханға «Отандық журналистика­ны дамытуға қосқан үлесі үшін берілді» деп жазылған. Мем­лекет басшысының осы бағасы – қарымды қаламгердің ұлт бас­пасөзіндегі өнімді де өнегелі еңбек жолының ай­қын көрсеткіші. Көзі қа­рақты оқырман Талғат Ба­тыр­ханның есімі мен салмақты мақалаларына «Астана ақша­мы», «Айқын», «Egemen Qazaq­stan» басылымдары арқылы қанықты.

Сондай-ақ дәл осындай сый­лықты «Қазақ газет­тері» ЖШС-на қарасты «Казах­станская правда» газе­тінің бөлім мең­ге­рушісі Юлия Магер де ие­ленді. Осы күні Пре­зиденттің БАҚ сала­сын­дағы Алғысы серіктестік құ­рамындағы «Ana tili» газетінің ұжымына да берілді.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет Президент Жарлығымен мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» ме­далімен марапатталды. Ме­реке қар­са­ңында «Amanat» партия­сы да журналис­тер арасында өт­кізілетін дәстүр­лі рес­пуб­­­ли­калық «Amanat медиа» сый­лығының қоры­тын­­дысын шы­ғарып, түрлі ата­лым бойынша 11 же­ңім­пазды анықтады. Қамбар Ахмет осы байқау же­ңімпаз­дарының қатарынан табылды. Әріптесіміз «Заң мен тәртіп» – Конституцияның 30 жылдығына арналған үздік материал» аталымының иегері атанып отыр.

Сондай-ақ газетіміздің Ақ­­мола облысындағы мен­­шікті тілшісі Байқал Байәділ Журналистер ода­ғының ше­шімімен «Қазақ­станның құр­метті журналисі» атағына ие болды. Бұған қоса ол да «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Дәл осындай медальге Шығыс Қазақстан об­лысындағы меншікті тіл­шіміз Мерей Қайнарұлы да ие болды.

Ал газетіміздің интернет-редакциясының жетекшісі Динар Керім мем­лекеттік наградалардың бірі – «Ша­пағат» медалін иеленді.

Әріптестеріміз еліміздің заң шығарушы органы – Пар­ламенттің қос палатасы жа­риялаған байқауда да олжалы шықты. «Egemen Qa­zaqstan» газеті саясат және құқық бөлімінің аға тіл­­шісі Гүлнар Жолжан Се­нат ұйымдастырған «Пара­сат» байқауындағы ба­сылым­дық БАҚ-тағы үздік жарияла­ным­ның жеңімпазы атанса, осы бөлімнің тілшісі Зейін Ерғали «Үздік баспа жарияланымы үшін» аталымында Мә­жілістің «Парламент сөзі» сыйлығына ие болды.

Аға тілші Ескендір Зұл­қарнай Журна­листер одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Газетіміздің Алматы қа­ла­­сындағы меншікті тіл­ші­лерінің бірі Арман Ок­тябрь Алматы қаласы әкім­­дігі Қо­ғамдық даму бас­қар­масы мен Өңірлік Ком­­­му­ни­­кациялар қызметі БАҚ өкіл­дері арасында ұйым­дас­тырған Алматының дамуын насихаттаған үздік жур­налистер байқауының «Үз­дік журналист-сарапшы» ата­лы­мының жеңімпазы атанды.

Алматы облысындағы мен­­­шікті тілшіміз Ұлбо­сын Исабек пен Жамбыл об­лы­сындағы меншікті тілшіміз Табиғат Мұсылманқұл облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.

Соңғы жаңалықтар