Пікір • Бүгін, 09:08

БАҚ және сенім

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам­ның айнасы, қайнаған пікір алаңы десек те, қалың жұртшылық айналадағы көп мәселенің көтерілу-көтерілмеуін, шешілу-шешіл­меуін қалам ұстағандармен байланыс­тырады. Дұрысы, үміт етеді. «Топ баста­ған көсемдер, сөз бастаған шешендер қай­да?» деген сыңайда... Бір қызығы, талай елдің қай­раткерлері саяси билік олимпіне шы­ққанға дейінгі қоғамдық қызметін «публ­ицист» деп көрсетіпті. Бұл латынның халық пен қоғам ұғымынан өрбитіні түсінікті.

Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі Уинстон Черчилль үлкен саясатқа келгенше әскери журналист болғаны, үкіметбасы қызметінде жүріп-ақ әдебиеттен Нобель сыйлығын иеленгені мәлім. Биографтар «қайраткер нон-фикшн (боямасыз деректі проза) жанрында қалам сілтеп, әлемдік марапатты да сол үшін алды» деп жазады. Айтқандайын, Нобель комиссиясы шешімінде оның шыншыл қаламгерлігімен қоса «адамзат құндылықтарын қорғаудағы алғаусыз шешендігі» атап көрсетілген.

«Уайымшыл адам әр мүмкіндіктен қиындықты ғана көреді, ал үмітті адам әр қиындықтан шығатын мүмкіндікті іздейді» депті осы тұлға. Тағы да ол: «Тарихты оқудан, тарихтан үйренуден жалықпаңыз. Мұнда саяси парасаттың бар құпиясы тұнып тұр» дейді.

Әрине, осындай асыл сөзді біздің біртуарлар да айтқан. Алаш елінің тұңғыш үкімет басшысы Әлихан Бөкейхан да үлкен саясатқа келгенше журналист ретінде билікке ұлт зәрулігін жеткізді. «Таласып-тартынбаған кісіге де, халыққа да тәмам қасқыр арасында бәйге жоқ» дейді шешендігі мен көсемдігі тең ұлт көшбасшысы. Бұл сөз бүгін де көкейкесті. Тағы бірде: «Қазақты ақ жолға саламын десең, істің астарын қарастыр. Істің сырты – жауға бел көрсеткендік» депті.

Рас, әлем мен ұлт даналығының тамыры тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Оқуы кем, парасаттан ада, даналықтың не екенін білмейтін адам өз басындағы, айналадағы қиындыққа біреу кінәлі деп ойлайды. Бұрынғы-кейінгінің атойын, айқайын, ашуын, тіпті тұрмыстық бұзақылық пен кикілжіңді батырлыққа, шындық іздеуге балайды. «Бетіне айттым», «бет-жүзіне қарамай сойып салдым», «ит терісін басына қаптадым» деп, әлеуметтік желідегі басы бар да, аяғы жоқ сөзін – «шешендікке», түрлі ортадағы тайынсыз қадамын – «көсемдікке» теңеп жатады. Ең өкініштісі, өзі түсінбеген, түсінгеннің байыптамасын оқып-тоқымаған күйі қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жұртшылық сеніміне селкеу түсіреді. Атақ-дәрежесі әжептәуір, «біраз оқуды» тауысқан дардай азаматтар газет-журнал шолмай, талдау мақалаларға, дерек пен дәйекке ой көзімен қарамай, базар маңының жеңіл әңгімесін, «қара жел» ақпаратын жосылтып жүретініне қайран қаласыз. Мұндайда дана Абай қағидаты – темірқазық.

«Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі сол айтты –

Ақылменен жеңсеңіз.

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлшеңіз».

Еліміздегі ұлт басылымдарының Тәуел­сіз­діктің елең-алаңындағы экономика­лық қиындықтардағы да, кешегі Қаңтар дүрбе­леңіндегі де, бүгінгі әділетті орнықтырудағы да елеулі қызметі жұрт сенімін қолдауы, нығай­туы, ынталандыруы, қанаттандыруы дер едік.

Ілгері-соңғы данышпандардан «Өмірдің мәні неде?» деп сұрағанда, көбі: «Ертеңге деген сенімде!» деп жауап берген. Абай «Сегіз аяқтың» бір қайырымында «Жігерлен, сілкін, Қайраттан, беркін!» деп, осы халықтың үзілмейтін сенімін айтады.

Сенім жоғалса яки бәсеңдесе, ынталану да әлсірейді. «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз». Ақын адам болмысындағы үміт пен сенім жалынын ешкім өшіре алмайтынын «Қарашада өмір тұр» өлеңінде: «Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса да, сөнер ме?» деп түсіндіреді.

Қазір Мемлекет басшысы идеологиялық тұғырнама ретінде айқындаған Әділеттіліктің мазмұнында да сенім мен жауапкершілік тұр. Заң мен тәртіп, Таза Қазақстан – жаңарған мемлекет бағытының басты бағдары. Бұл – құқықтық мәдениет қалыптастырып-дамытудың ділгір шарты. Әлемдік және ұлттық үйлесімнің өркениетті өлшемі. Бүгін қаланып жатқан ертеңнің, баянды келешектің іргетасы. Әділеттілік – мемлекет пен қоғамға ортақ қасиет, ортақ міндет.

БАҚ – маңдай термен, жауапты еңбекпен келетін әділдік пен парасат жеңісінің сәт сайынғы айнасы. Сенім мен үміттің ашық алаңы.

Баспасөз бағын ашқан қаламгер, жігерлендіру жампозы аустралиялық Ник Вуйчич деген азаматты көбіміз білеміз. Туғаннан – нысаналы (тетраамелия синдромы), аяқ-қолы жоқ. Бірақ таудай сенімімен талай асуды бағындырған. «Өзіңнің мықты жағыңды талмай шыңдасаң, арманыңа жетесің. Кекесінге қарамай жігерлен. Сен – өз әлеміңнің өзегісің!» депті ол. Вуйчичтің бұл байламы барша азаматқа, күллі салаға, соның ішінде жұртты жігерлендіретін БАҚ-қа да қатысты.

Қалам да, ақпарат та мемлекетшіл борышқа, ел сеніміне жұмылғай. 

Соңғы жаңалықтар

Шекарасыз ақпараттық майдан

Басылым • Бүгін, 11:20

Нейрожелі БАҚ-тың бағын байлай ма?

Жасанды интеллект • Бүгін, 10:50

Журфак сабақтастығы

Пікір • Бүгін, 10:40

Жәдігерлер жоқшысы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 10:30