Энергетика • Бүгін, 17:22

Атырауда мектептер мен балабақшалардың жылыту жүйесі тексеріліп жатыр

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау қаласында білім саласындағы мекемелердің жылыту жүйесін тексеру басталды. Тексеру алдағы қысқы маусымға дайындық аясында жүргізіліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Атырауда мектептер мен балабақшалардың жылыту жүйесі тексеріліп жатыр

Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ермек Мәмбетованың дерегіне қарағанда, мұнайлы шаһарда 68 мектеп, 47 балабақша бар. 

«Қаладағы 39 мектеп пен 26 балабақшаға жылу қазандықпен беріледі. Өзгелері орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Орталықтандырылған желіден 8 колледж жылу алады. Тағы 8 колледж дербес газ жүйесімен жабдықталды», дейді Ермек Мәмбетова.

Оның айтуынша, дербес қазандықпен қамтылған мекемелерге «Жахан Атырау» ЖШС сервистік қызмет көрсетеді. Осыған байланысты облыстық білім беру басқармасы мен компания арасында келісімшарт жасалған. 

«Біздің компания Атырау қаласы мен Исатай, Құрманғазы, Махамбет, Жылыой, Индер, Мақат, Қызылқоға аудандарындағы 310 мекеменің жылу қазандығын қарайды. Қазандықтарды ұдайы тексеріп, жөндеу жүргіземіз. Тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыру секілді сервистік қызмет көрсетеміз. Барлық мектеп пен балабақшаның жылу қазандықтары толық тексеруден өткізілді», дейді компанияның жетекші инженері Бағытжан Базар.

Жетекші инженердің мәліметінше, қазандықтардың 70 пайызы жөндеуді қажет етпейді. Ал, 10 пайызына кіші жөндеу жүргізіледі. Тағы 20 пайызының қазандығы мен жабдықтарын ауыстыру қажет.