Спорт • Кеше

Халықаралық World Boccia Challenger турнирі өтеді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы  20-28 тамыз аралығында елімізде алғаш рет беделді халықаралық турнир – Astana 2025 World Boccia Challenger өтеді. Жаһандық сайысқа әлемнің әр қиырынан командалар қатысуға ықылас танытып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықаралық World Boccia Challenger турнирі өтеді

Бір аптаға дүбірлі дода Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында түңлігін түреді. Бұл – еліміздегі ең ірі спорт кешендерінің бірі және толықтай мүмкіндігі шектеулі спортшыларға бейімделген нысан.

Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) аясында өтетін жаһандық дода 2028 жылы Лос-Анджелесте жалауы желбірейтін Паралимпиада ойындарына іріктеу әрі  рейтингтік ұпайлар жинауға зор мүмкіндік бермек. Әлемдік турнирдің бізде өткізілуі – еліміздің дүниежүзілік додаларды ұйымдастырудағы жетістігі мен тәжірибесін әйгілей түссе керек.

«Турнирдің Астанада өткізілуі Қазақстанның паралимпиадалық қозғалыстағы белсенді қатысушы ретіндегі позициясын нығайтып, елдің баршаға тең мүмкіндік жасауға деген ұмтылысын айқындайды. Бұл тек маңызды спорттық шара ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға сондай-ақ инклюзивті спорт түрлерін танымал етуге де серпін бермек. Қазіргі уақытта турнирге Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, 14 мемлекет қатысатынын растады. Спортшылар жеке, жұптық және командалық сайыста бағын сынайды», деді Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы.

Қазақстан бочча федерациясы 2021 жылы құрылған сәттен жұмысы жанданып келеді. Федерацияның 10 өңірде филиалдары ашылып, 250-ден астам бала мен ересек тұрақты түрде жаттығуға қатысады. Бочча жаттығулары Қазақстанның 20 қаласында тұрақты өтеді.

Елімізде  бочча спорты алғаш рет 2018 жылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары ұйымдастырған секция есебінде қолға алынды. 2021 жылы Қазақстан бочча федерациясы құрылды, ал 2023 жылы Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) ресми мүшесі атанды.

«Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылдан бері ірі халықаралық жарыстарға қатысып келеді. Осы уақыт ішінде спортшыларымыз әртүрлі дәрежедегі медальдарға ие болды. Қазақстан құрамасы BISFed рейтингінде 50-ден астам ел арасында 18-орында тұр. Біз АҚШ, Испания сияқты алдыңғы қатарлы құрамалардан да жоғарымыз.  Ал  Орталық Азияда абсолютті көшбасшыға айналды. Соңғы үш жылда 12 спорт шебері шықты», дейді Қазақстан бочча федерациясының спорт директоры Дияр Сеитов.

Халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды дамып, былтыр Ұлыбритания, Үндістан, Таиланд және Оңтүстік Кореядан келген сарапшылардың қатысуымен халықаралық бапкерлер мен төрешілерге арналған курстар өткізілді. Биыл да игі іс жалғасын тапты. 15-тен астам жаттықтырушы мен 20 төреші дайындықтан өтіп, сертификат алды. Осы жылы Қазақстан құрамасы бірнеше халықаралық оқу-жаттығу жиындарына шақырту алды.

Бочча — тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарға арналған дәлдікке негізделген спорттық ойын. Ол боулинг, петанк немесе боулзға ұқсайды. Ойын мақсаты — түрлі-түсті шарларды ақ шарға (джек) барынша жақын орналастыру. Жеңімпаз — қарсыласқа қарағанда өз шарларын джекке жақын тастаған ойыншы, жұп немесе команда.

Бұл спортта күш немесе жылдамдықтан гөрі дәлдік, стратегия және бақылау маңызды. Бір ойын 30–60 минутқа дейін созылады, кейде жеңіс миллиметрлермен шешіледі. 1984 жылдан бастап Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген.

Қазақстан құрамасы құрамында 10 спортшы бар. Оның ішінде үшеуі BC3 класына жатады — оларда қозғалыс шектеулері өте ауыр, сондықтан олар допты өздері қозғай алмайды. Осы себепті олар арнайы рампа арқылы ойын өрісіне допты бағыттайды және рампа-оператормен бірге жарыс алаңына шығады.

Еліміздің бочча құрамасы Ханчжоуда өткен Азия Паралимпиада ойындарында командалық жарыста 8-орын алды. Былтыр Бахрейндегі іріктеу челленджерінде командалық жарыста 3-орын иеленді. Алмат Ерхат — Бахрейнде өткен әлемдік челленджерде күміс, іріктеу челленджерінде қола  жүлдегер атанды.

Биылғы қыркүйекте Оңтүстік Кореяда өтетін Әлем кубогына біздің құрама алғашқы рет қатыспақ. Ұлттық құраманы Диана Молдахметова жаттықтырады.