Аймақтар • Бүгін, 08:50

Өңір абаттанып келеді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырт көз – сыншы. Алғаш Алаш шаһарына келгенде көшенің шаңы­нан көз аша алмайтын едік. Облыс орталығының тазалығына жауаптыларды өңір басшысы да аямай сынға алды. Нәтижесінде, қазір тек Семей қаласы ғана емес, өңірдің де өңі кіре бастағаны сезіледі.

Өңір абаттанып келеді

Сурет: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы: «Қалалар мен ауыл­дардың сәулетті, сая­­бақ­тар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек», деген еді. Осыған орай, Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарына бейне үндеу жасап, әрбір тұрғынды туған жердің тазалығына, көр­­­кеюіне бірге үлес қосуға шақырды.

«Абай облысы – ұлы тұлғаның атымен аталған, Алаш арыстары­ның ізі қалған тарихы терең, табиғаты көркем өңір. Бұл – біз­дің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқай­сымыздың азаматтық борышымыз. Шын мәнінде, біздің өңір тоғыз жолдың торабында тұр. Ертістің екі жағасын жалғаған жал­ғыз көпірден екі алып көр­шімізге қарай көлік ағыны өтеді. Бұл тұрғыдан алғанда Семейіміз аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келеді. Бұл бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те жүктейді. Шаһарымыздың тазалығы мен өңіріміздің абыройы сыналатын да осы тұс. Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ор­тақ. Тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – өңірде қалыптасуға тиіс үлкен мәдениет», деген еді облыс әкімі.

Үндеуге үн қосқан Абай жұрт­шылығы тазалыққа расында мық­тап кірісті. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Бекболат Мұратовтың айтуынша, Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды, жоспарға сай жүріп жатыр.

«Көктемгі екі айлық тазалық марафонына өңір тұрғындары белсене қатысып, абаттандыру жұмысы атқарылды. Акцияға 100 мыңнан астам адам атсалысып, қалалар мен ауыл-аудан көшелері тазартылып, абаттандырылып жатыр. Сонымен қатар полигондарға 20 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, 500-ден астам су айдыны тазартылды, олардың жағалауына ондаған мың жаңа көшет отырғызылды. Тек «Семей орманы» резерватының өзінде ғана 1,5 га аумақта жастар мен корпоративтік еріктілер­дің қатысуымен көшет отырғызу ­акциясы өтті», дейді маман.

Тал егу күніне орай облыс аумағында 23 мыңнан астам көшет егілген. Ең өзекті мәселелердің бірі – қоқыс үйінділері. Ғарыш­тық мониторинг жұмыстары­ның нәтижесінде 266 қоқыс орны анықталып, облыс көлемінде ондай үйінділер толығымен ­жо­йылды.

Облыс әкімі Семей қала­сын­дағы коммуналдық техни­калар­дың жұмысын арнайы барып тек­сер­ді. Қаладағы таза­лық жұмы­сын күшейту мақ­са­тын­да мердігер ком­паниялармен бірлесіп 60-қа жуық жаңа техника сатып алу ­жос­­парланып отыр. Бүгінде ­10 жаңа техника іске қосылды. Бұл өз ке­­зегінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Қала тазалығына байланыс­ты тұрғындар тарапынан шағым аз айтылмайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты әрдайым назарда ұстап, табанды түрде жалғастыра береміз. Қала келбетін жақсарту, тазалықты сақ­тау күнделікті, жүйелі жұмыс­ты қа­жет етеді», деді өңір басшысы.

Арнайы техникалар қыста қар күреп, көктем, күз айларында жолдарды жуып, тазалауға, көше­лерді сыпыруға, құм себуге арналған. Жаңа техникалар қаланың орталық көшелерінен бас­тап, барлық шағын аудандар мен тұрғын үй кешендерін тазалауға жұмылдырылады.

 

Абай облысы