
Мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуын, жан-жақты дамуын және қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2021 жылдан бастап балаларға қосымша білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары қолға алынып, мемлекет тарапынан қаржыландырыла бастады. Соның нәтижесінде бүгінге дейін 1,5 миллионнан астам бала спорт секциясына, шығармашылық үйірмелер мен түрлі дамытушы курстарға тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алайда 4 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобада тізімдегі балалардың жоғалып кетуі, бала санының қолдан көбейтілуі, техникалық, санитарлық талаптардың сақталмауы, кәсіби біліктілігі жоқ мамандардың сабақ өткізуі секілді кемшіліктер анықталған. Осы мәселелерді шешу үшін білім саласында қосымша бірыңғай электронды ваучер жүйесін енгізу туралы шешім қабылданған.
«Кезектіліктің ашық болмауы, өтінімдердің қайталануы, ұйымдардың тізімі шектеулі болуы, кейбір жерлерде көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылаудың болмауы сияқты мәселелерді ата-аналар жиі айтады. Сонымен қатар тиімсіз шығындар, қамту көрсеткішінің төмендігі, мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде формальды қарау жағдайлары да анықталып жатыр. Осындай мәселелер заманауи жүйеге көшуді қажет етті. Осыған орай қосымша білім саласын ваучерлік қаржыландыруды енгізу туралы шешім қабылданды», деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Қанатқақты жобаны алғашқылардың бірі болып жүзеге асыратын өңірлердің қатарында Шымкент қаласы да бар. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы бұған дейін де балабақша саласында ваучерлік жүйені енгізу арқылы оң нәтижелерге қол жеткізгенін айтады. «Ваучерлік жүйенің тиімді екені бұған дейін дәлелденді. Мәселен, балабақша саласына осы тетік арқылы өзгеріс енгіздік. Соның нәтижесінде кезекте тұрған балалар саны 50 мыңнан 30 мыңға дейін азайды. Өйткені кезекте 2 жасқа дейінгі балалар да тұрған. Жүйе бәрін реттеді. Дәл осы сияқты ваучерлік механизм қосымша білім саласындағы кемшіліктерді жояды», деді ол.
Одан бөлек, жаңа жоба Астана, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында іске қосылады. «Жаңа модельде барлық қызмет көрсетушілер өз қызметінің заңға сәйкестігін дәлелдей отырып мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндік алады. Цифрлық платформада барлық құжат тіркеліп, мониторинг комиссиясы нақты тексеріс жүргізеді. Сонымен қатар кезек жүйесі әлеуметтік санаттарға бөлінеді. Бұрынғыдай орын ауыстыру немесе артқа шегеру болмайды. Осы арқылы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етеміз», дейді Майра Тұрғанбайқызы.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйенің басты ерекшелігі – ваучер нақты қызмет көрсетілген жағдайда ғана төленеді. Яғни қаржыландыру бала нақты үйірмеге қатысса ғана беріледі. Бұл жалған есеп пен қағаз жүзіндегі қатысуды жояды. Сонымен қатар ата-ана бұрынғы провайдерді ешқандай құжатсыз ауыстыра алады. Ваучер бағасы бұрынғыдай бірыңғай АЕК мөлшеріне байланбайды. Жергілікті атқарушы органдар өз өңірінің ерекшелігін ескеріп, жеке норматив бекітеді. Жалға алу бағасы, коммуналдық төлемдер, инфрақұрылым мүмкіндіктері сияқты факторлар ескеріледі.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жүйеде тіркеуде тұрғанымен, сабаққа қатыспаған 8000-нан астам баланың дерегі анықталған. Ал қанатқақты жоба бойынша балалардың үйірмеге қатысып-қатыспағанын анықтау үшін арнайы цифрлық жүйе енгізіледі. Барлық жеке мәлімет Ұлттық білім базасында сақталады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, балалардың жеке дерегі мемлекеттік базада сақталатындықтан оларға ешқандай қауіп төнбейді. «Жаңа цифрлық жүйе арқылы балалардың үйірмелер мен секцияларға қатысуы автоматты түрде тіркеледі. Бұл – қаржыландырудың әділетті және нақты жүзеге асуына жол ашады. Ең бастысы – балалардың жеке дерегі толықтай қорғалады. Барлық ақпарат Ұлттық білім базасында болады. Бұл – мемлекеттік әрі тексеруден өткен қауіпсіз жүйе. Ата-аналар баласының дерегі мен үйірмеге қатысуын ашық әрі ыңғайлы түрде қадағалай алады», деді ол.
Жаңа ваучерлік жүйе аясында балаларға қосымша білім беретін кәсіпкерлер мен ұйымдарға қойылатын талаптар да күшейтілмек. Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, бұған дейінгі тексеріс кезінде 164 секцияда сабақтардың санитарлық талапқа сәйкес еместігі анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Сағынтайқызының айтуынша, енді үйірме немесе секция ашып, мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеймін деген кез келген ұйым алдымен санитарлық және техникалық талаптарға толық сай болуға тиіс. Бұл – балалардың қауіпсіз ортада дамуы үшін қабылданған басты шарттардың бірі. «Жобаға санитарлық және техникалық талаптарға толық сәйкес келетін кәсіпкерлер ғана қосылады. Әрбір өтінім мұқият қаралады. Тексеруден өтпеген мекемелер жүйеге тіркелмейді. Ал бұрыннан жұмыс істеп жатқан провайдерлер мониторинг нәтижесіне қарай іріктеледі. Егер олардың қызметі талапқа сай емес деп танылса, оларға 2 ай уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде көрсетілген кемшіліктерді түзетіп, қайтадан мониторингтен өтуге мүмкіндік бар», деді ол.
Бұған дейінгі жүйе бойынша әр балаға бір уақытта 1 спорттық және 1 шығармашылық үйірмеге қатысу мүмкіндігі берілген болатын. Яғни екі бағытты қатар алып жүруге рұқсат етілген. Бұрын тіркеліп үлгерген балалар осы мүмкіндікті сақтап, екі үйірмеге бірдей қатысуды жалғастыра алады. Алайда жаңа енгізіліп отырған ваучерлік жүйе бойынша енді әр бала 1 үйірмені ғана таңдай алады. Майра Мелдебекованың айтуынша, бұл кезекте тұрған балаларды тезірек қамту мақсатында жасалып отыр.
Астана қаласы әкімдігі де қанақақты жобаны жүзеге асыруға белсенді кірісіп жатыр. Қала әкімінің орынбасары жобаның ашықтық пен кері байланыс қағидаттарына сүйенетінін атап өтті. Есет Берікұлының айтуынша, барлық тараптың пікірі ескеріліп, жұмыс барысына нақты өзгерістер енгізіліп отырған. «Қанатқақты жобаны іске асыру кезінде әртүрлі тараптың пікірін ескердік. Бекітілген біріккен бұйрық өзінің икемділігімен және ашықтығымен ерекшеленеді. Бұған дәлел қанатқақты жобаны бастауға дейін мердігерлермен, қызмет көрсетуші ұйымдармен оннан астам кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін жинадық. Осы негізде арнайы жұмыс тобы құрылды. Оқу-ағарту, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесе отырып, орталық органдармен бірге нақты сұрақтарға жауап беріп, нормативтік құжаттарға қажетті өзгерістер енгіздік», деді ол.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, алғашында бұйрықта бір ғана ұлттық ойын көрсетілген еді. Алайда ұсыныстар негізінде оның қатары артып, бүгінде тоғызқұмалақ, асық ату, дәстүрлі садақ ату секілді үш түрлі ұлттық ойын енгізілген. «Бізге жүзден астам сұрақ келіп түсті. Оның басым бөлігіне нақты жауап беріліп, шешімдер қабылданды. Бұл жүйенің тірі механизм екенін көрсетеді. Жұмысты ата-аналармен, кәсіпкерлермен, қызмет көрсетушілермен бірлесе отырып жалғастырамыз», деді Е. Берікұлы.
Сонымен қатар Оқу-ағарту бірінші вице-министрі де барлық тараптың пікірі ескерілетінін атап өтті. «Жаңа модель – техникалық жаңғырту ғана емес, жүйені ашықтыққа, әділеттілік пен икемділікке бағытталған түбегейлі өзгеріс. Біз барлық мүдделі тараптардың ұсыныстарын жинап жатырмыз. Қажет болса, қайта қарап, жүйеге өзгеріс енгізуге дайынбыз», деді Майра Мелдебекова.