Мұнда орнатылған заманауи техникалық жабдық әлемде небары жеті орталықта ғана бар, ал кластердің өзі Орталық Азия бойынша ең ауқымды әрі алғашқы нысан болып саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласының дамуы ел экономикасының өсуі үшін маңызды шарт екенін бірнеше рет атап өтті. Президент кен өндіру секторын басқару жүйесін жаңғыртуды және Қазақстан аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін айтарлықтай арттыруды міндеттеді. Геокластер құру осы басымдыққа сай және геологиялық барлауды жаңартуға қажетті практикалық негізді күшейтеді.
Геологиялық кластер – Қазақстандағы осындай ауқымдағы алғашқы нысан. Оқу орталығы мен зертханалық кешеннің бір жерде орналасуы геологиялық ақпаратты жедел алуға және соның нәтижесінде барлау жүргізу барысында дереу шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жобаға 11 млрд теңге шамасында инвестиция құйды. Құрылысты мердігер ретінде отандық Tansu Construction компаниясы жүзеге асырды. Алаңда 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Геологиялық кластерді басқару «Kazakhmys Barlau» ЖШС-ға тапсырылды.
Кластер құрамында еліміздегі ең ірі керн сақтау қоймасы жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы 200 мың қума метр керн сақтауға жетеді және бастапқы геологиялық деректердің ұлттық мұрағатын қалыптастырады. Бұл кез келген уақытта бастапқы деректерге оралып, жұмыс істейтін геологиялық модельдерді нақтылауға және барлау жұмысы барысында тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.
Зертханалық блок аналитикалық зерттеу саласындағы әлемдік көшбасшы – австралиялық ALS компаниясымен бірлесіп жасалды. Бұл геохимиялық дерек сапасының жоғары және халықаралық стандартқа сай болуына кепілдік береді.
Кластерде ұңғымалық кернді автоматты түрде сканерлеуге арналған Ancorelog (Германия) технологиясы және алынған ақпаратты өңдеу үшін жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі LithoLens бағдарламалық жасақтамасы қолданылады. Олар кернді талдау жылдамдығын бір ауысымда 60-тан 240 қума метрге дейін арттырады.
Аталған технологияларды кешенді қолдану кен орындарын геологиялық болжау модельдерін жедел құруға және алынатын ақпараттың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Біз Қазақстан геологиясын дәлірек, жедел, әрі технологиялық тұрғыдан озық ететін инфрақұрылым ашып отырмыз. Бастапқы деректерді сақтау, зертханалық талдау, цифрлық өңдеу және мамандарды оқыту – осының барлығы бір алаңға біріктірілді. Бұл – еліміздің минералдық-шикізат базасын тұрақты дамытуға қызмет ететін жаңа деңгей», деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев ашылу салтанатында.
Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, бір топ Мәжіліс депутаты қатысты. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, елімізде геологиялық кластер құру үшін берік заңнамалық негіз қалыптасып жатыр. Ол толықтай ұлттық экономиканы ілгерілетуге және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізілуде. Осы аптада Мәжіліс тиісті заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады.
Бұл түзетулердің негізгі мақсаты – индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Жаңа заң бірінші кезекте осы отандық геологияны жандандыруға ерекше серпін береді.
«Жаңа нормаларға сәйкес, қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімдерде инвестиция шегін едәуір ұлғайтып жатырмыз. Бұдан бөлек, қол қою бонустарынан түскен қаражаттың кемінде 50 пайызы мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерделеуге жіберілетін болады. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын заңдастырдық. Инвесторларға қажетті процестердің бәрі сол портал арқылы іске асады. Бұл инвестор тартуға, оларға қажетті қызмет көрсетуге жол ашады. Демек, ашықтық, әділдік пен бәсекелестік болады деген сөз. Жаңа заң Жезқазғанда құрылған геологиялық кластер сияқты инвестициялық жобаларды ілгерілетуге зор септігін тигізері сөзсіз. Тұтастай алғанда, мұның бәрі ел экономикасын дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға жол ашады», деді Еділ Жаңбыршин.
Кластердің базасында Colorado School of Mines-пен бірлескен заманауи геофизикалық зертхана жұмыс істейді. Ол әлемдік өндірушілердің озық құрал-жабдығымен жасақталған. Іске қосу-реттеу жұмысын, техникалық қызмет көрсетуді және сертификатталған жөндеуді «Qazaq Geophysics» ЖШС мамандары жүзеге асырады. Зертхана елдің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін дамыту үшін құрылған. Мұнда геофизика, аспап жасау және робототехника салаларының білікті мамандары даярланады.
Кластердің диспетчерлік орталығы «Kazakhmys Barlau» ЖШС-ның геологиялық барлау жұмысын басқарудың біртұтас нүктесі болып табылады. Мұнда көлік, бұрғылау қондырғылары мен барлық аналитика нақты уақыт режимінде бақыланады.
Бұдан бөлек кластер құрамына оқу-әдістемелік блок кіреді. Ол мамандарды даярлау және қайта даярлауға арналған және болашақта құрылатын Ұлытау университетінің бағдарламаларымен интеграцияланады. Бұл университеттің түлектері бірден үш диплом: университеттің өз дипломы, Satbayev University және әлемдегі алғашқы Colorado School of Mines филиалының дипломын алады. Бұл жоба тек білім мен экономиканы ғана емес, аймақтың болмысын да өзгертеді. Кластер аумағында мұражай бар.
Геологиялық кластер Жезқазғанның ғылыми-өндірістік әлеуетін нығайтады. Жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіби өсу мүмкіндігін кеңейтеді және аймақтың ғылыми-техникалық базасын күшейтеді. Жоба Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жалғастырып, Қазақстанның заманауи геологиялық мектебінің дамуына үлес қосады.
«Бес жыл бойы біз ғылымды, білім мен өндірісті біріктіретін жоғары технологиялық хаб құрумен айналыстық. Жобамыз әлемнің жетекші геологиялық орталықтарының тәжірибесіне негізделген және саланың халықаралық көшбасшыларымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылуда. Құрылған кластер барлаудың заманауи әдістерін енгізуге, жаңа құзыреттерді дамытуға және Қазақстанның геологиялық саласының болашағын айқындайтын кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов.
«Қазақмыстың» геологиялық кластерінің ашылуы – өңір үшін де, тұтас сала үшін маңызды оқиға. Бұл жоба геологияны цифрландыруды жеделдетіп, зерттеу әлеуетін арттырады және Қазақстанның геологиялық барлау саласын халықаралық деңгейге шығарады.