2040 жылға дейін әлемдік әуе нарығы екі еселенеді деген болжам бар. Қазақстан осы мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалану үшін авиацияның алдағы үш жылға арналған даму жоспарын жаңартты. ICAO аудиті еліміздің стандарттарға сәйкестігін 95,7% деп бағалап, Қазақстанды әлемдегі ең қауіпсіз авиациялық аймақтардың қатарына қосты. Бұл халықаралық әуе тасымалы үшін маңызды сенім көрсеткіші.
Жоспарға әуежай инфрақұрылымын жаңарту, жаңа жолаушылар және жүк терминалдарын салу, маршруттарды кеңейту, ұшақ паркін арттыру және шетелдік оқу орталықтарын тарта отырып, білікті мамандар даярлау кіреді. Еліміздің екі ірі қаласы – Астана мен Алматы енді Орталық Азиядағы басты авиациялық хабқа айналуға бағыт алды. Елордада екінші ұшу-қону жолағы салынбақ, ал Алматы әуежайында Horizon бағдарламасы бойынша жүк хабы мен сервистік экожүйе құрылмақ.
Ішкі бағыттар да назарда. Биылдың өзінде жолаушылар саны 13 млн-нан асқан. Авиация саласындағы әрбір 100 жұмыс орны өзге салаларда 610 қосымша жұмыс орнын тудыратыны халықаралық талдаумен дәлелденген. Бұл саланың экономикалық мультипликатор ретіндегі рөлі айқын екенін көрсетеді.
Кеңесте жүк тасымалын дамыту перспективалары да белгіленді. Сонымен қатар Премьер-министр авиаотын нарығындағы тиімсіз делдалдарды анықтап, реттеуді тапсырды. Бұл қадам әуе билеттерінің бағасына да ықпал етуі мүмкін.
Автожол саласы да назардан тыс қалмады. Жолдардың жағдайын жақсарту, жабын сапасын арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі әрі жауапкершілікпен орындау міндеттелді.
Қазақстан осылайша көлік жүйесін жаңаша құрып, елдің транзиттік әлеуетін күшейтетін шешімдер қабылдауға кірісті. Екі мегаполистің әуежайлары жаңа тыныс алып, республика аймақтарының өзара байланысы бұрынғыдан да нығая түспек.