
Фото: Степногорск қаласының әкімдігі
Шараға 150-ден астам адам қатысқан. Олардың арасында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, колледж студенттері, қоғамдық ұйым мүшелері мен еріктілер, сондай-ақ «Водоканал» мекемесінің қызметкерлері болды.
Қатысушылар «Махаббат аллеясын» қоқыстан тазартып, қаланың экологиялық мәдениетіне үлес қосқан. Тұрғындардың сүйікті демалыс орны саналатын бұл аллеяны таза күйде сақтау баршаға ортақ жауапкершілік екені атап өтілді.
Іс-шараға арнайы келген қала әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы қоршаған ортаны қорғаудағы азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтті. Ол жастардың белсенділігін жоғары бағалап, мұндай бастамалардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін ерекше атады.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жыл бойы жалғасады. Қала аумағында алдағы уақытта бірнеше сенбілік пен табиғатты қорғауға бағытталған іс-шаралар жоспарланған.