Елорда • Бүгін, 16:15

Астанада халықаралық арбитраж апталығы басталды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) биылғы «ХТО Еуразиялық арбитраж апталығы 2025» (EAW25) шарасы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Астанада халықаралық арбитраж апталығы басталды

Бұл құрлықтық ауқымдағы жыл сайынғы дәстүрлі іс-шараны АХҚО-ның Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) Herbert Smith Freehills Kramer LLP заң фирмасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Апталықтың ашылу салтанатында АХҚО Сотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт, Халықаралық төрелік орталығының төрағасы Томас Крюммель және Президент Әкімшілігінің мемлекеттік құқық бөлімі басшысының орынбасары Алма Мұқанова, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров сөз сөйлеп, халықаралық арбитражды дамытуға, қолданылатын заманауи тәжірибе мен мүмкіндіктерді, сын-қатерлер мен шешімдерді талқылауға мүмкіндік беретін апталықтың мән-маңызына тоқталды.

Жалпы, бұл апталыққа елімізден және сырт елдерден 400-ге жуық делегат тіркелген. Бұл іс-шарада Халықаралық жекеше құқықты біріздендіру институтының (UNIDROIT) президенті, халықаралық арбитраж саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, профессор Мария Киара Малагутимен өтетін сессия күннің маңызды сәттерінің бірі болды.

Ол Италияның Сыртқы істер министрлігіне сауда мәселелері бойынша кеңес беріп, Дүниежүзілік банк, Еуропалық орталық банк және Еуропалық Одақ Соты секілді үлкен ұйымдарға заңгерлік қолдау көрсететін білікті сарапшы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы іс-шара бағдарламасында алты сессия қарастырылған. Қонақтар арбитраж және дауларды балама шешу жолдарындағы соңғы үрдістермен, сондай-ақ трансшекаралық дау-жанжалдарда тараптар арасындағы өзара тәжірибесімен танысады. Бағдарлама аясында Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен инвесторлардың құқықтық қорғалу мәселелері қарастырылады.

Бұдан бөлек, конференция аясында дауларды шешу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды.