Парламент • 03 Шілде, 2025

Мәжіліс депутаты Көкшетауда салынып жатқан оңалту орталығына барды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Көкшетау қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығы салынып жатыр. «Сарыарқа» шағынауданында орналасқан, жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асатын орталыққа бүгін құрылыс барысын бақылау үшін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева барды, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты Көкшетауда салынып жатқан оңалту орталығына барды

Құрылыс аяқталған соң мекемеде жыл сайын 1500-1800 адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Кешен тәулік бойы ем-дом алуға және оңалтудың барлық қажетті түріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда жобаны қайта пысықтау мен қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты орталық 2027 жылы ғана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«Осындай оңалту орталықтарының бой көтеруі – өңірлердегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қызметтерге қолжетімділігін кеңейту жолындағы үлкен қадам. Мұндай мекемелер ерекше қажеттіліктері бар жандардың денсаулығын қалпына келтіріп, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз Президент тапсырмаларының мерзімінде орындалуын, мыңдаған отбасы үмітінің ақталуын қадағалаймыз. Облыс орталығында өмірлік маңызы бар нысанның жылдар бойы іске қосылмауы ақтауға келмейді. «AMANAT» партиясы жағдайды түзеу үшін нақты шаралар қабылдануын, ал тапсырманың мерзімінде орындалмауына жауапты тұлғалардың анықталып, жауапқа тартылуын талап ететін болады. Мұндай нысандар бос тұрмай, халық игілігіне қызмет етуі тиіс», деді депутат Н.Дементьева.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Көкшетаудағы жоба партияның «Кедергісіз келешек» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама нысандар салумен ғана шектелмей, қалалық ортаны жан-жақты бейімдеуді де қамтиды. Тек Ақмола облысының өзінде 1037 нысан, соның ішінде мектептер, ауруханалар, мұражайлар, спорт залдары заманауи талаптарға сай жаңартылған. Алдағы бір жарым жылда бұл тізімге тағы 176 ғимарат қосылады. 2027 жылға дейін облыс бойынша 958 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оларға пандустар орнату, тактильді көрсеткіштер, арнайы лифтілер қою сияқты жұмыстар жүргізіледі.

Өңірде инклюзивті білім мен спортқа да айрықша көңіл бөлінген. Мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалып, олардың отбасыларына нақты көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар инватакси қызметін дамыту, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға тегін жол жүру мүмкіндігін ұсыну қолға алынған. Қазіргі уақытта мұндай шаралар Көкшетау мен Бурабайда жүзеге асып жатыр.