
Кеңес барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов баяндама жасады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның электр энергиясымен өзін-өзі толық қамтамасыз етуіне қол жеткізу және резервтерді қалыптастыру міндетін қойды. Негізгі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық міндет. Энергожүйенің тұрақты әрі болжамды жұмысы өнеркәсіптік өсім мен өңірлердің дамуына негіз болып, жаңа жобалардың, оның ішінде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жобалардың іске қосылуына жағдай жасайды. Жаңа қуаттардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 230 электр стансасы жұмыс істейді, оның 156-сы – жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) объектілері. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну көлемі 119,9 млрд кВт/сағат болса, электр энергиясын өндіру 117,9 млрд кВт/сағатты құрады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тапшылықты жабу және қуаттарды жаңарту үшін 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам энергия өндіруді көздейтін генерацияны дамыту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Бүгінде 10 ГВт қуат көзін іске қосу жобалары әртүрлі кезеңдерде пысықталып жатыр. Қолданыстағы стансаларды жаңғырту есебінен тағы шамамен 5 ГВт қамтамасыз ету жоспарланған. 2025 жылы 621,5 МВт, оның 166 МВт-ын дәстүрлі, 455,5 МВт-ын ЖЭК қуатынан іске қосу көзделген.
Нөлдік зиянды қалдықтарға жақын таза көмір технологияларымен байланысты перспективалы жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы қуаттылығы шамамен 2,6 ГВт болатын ГРЭС-3 пен Курчатов қаласындағы қуаты 600-700 МВт болатын ЖЭО құрылыс жобалары қолға алынған. Бұл бастамалар ескірген көмір стансаларын кезең-кезеңімен ауыстыруға бағытталған және Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытына сәйкес келеді.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысын салу жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Нысанды TURAN арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізу жоспарлануда. Бу-газ қондырғысы жобалық қуатына 2027 жылы шығады деп күтілуде.
«Самұрық-Энерго» жобалары туралы басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов баяндады. Холдинг генерация қуаттарын жаңғырту бойынша бірқатар ірі бастамаларды жүзеге асыруда. Екібастұз ГРЭС-2 стансасын кеңейту аясында жалпы қуаты 540 МВт болатын үшінші энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Оны іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру көзделген. 2026 жылы жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл стансалардың жалпы қуаты 1 ГВт-тан асады. Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО-лар салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Көкшетаудағы жоба бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарт жасау рәсімдері басталды.
Батыс аймақтың энергетикалық жүйесін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру және Оңтүстік аймақтың қуатын арттыру жұмыстары туралы «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов баяндады. Президенттің тапсырмаларын орындау аясында жалпы құны 356 млрд теңгеден асатын екі ірі бастама жүзеге асырылуда.
Ұзындығы 600 шақырымнан асатын 500 кВ «Қарабатан – Өлке» электр жеткізу желісін салу жобасы Атырау және Ақтөбе облыстарында электрмен жабдықтау сапасын арттыруға, сондай-ақ батыс өңірлерде ЖЭК нысандарын қосуға инфрақұрылымдық жағдай жасауға бағытталған. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Оңтүстік аймақтың электр желілерін нығайту аясында ұзындығы 475 шақырымды құрайтын 500 кВ «Шу – Жамбыл – Шымкент» бағыты бойынша электр жеткізу желісінің құрылысы және негізгі қосалқы стансаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстарды 2027 жылдың ортасында аяқтау жоспарланған. Бұл жоба оңтүстік өңірлердегі энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттырып, сыртқы тәуекелдерге төзімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Ұлттық электр желісінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында генерация қуаттарын салу бойынша ауқымды жоспарлар аясында KEGOC жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 8 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ кеңес барысында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар қаралды. Олжас Бектенов Қазақстан экономикасын цифрлық трансформациялау үдерісіндегі осындай бастамалардың рөлін атап өтті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 6 179 ауыл бар, оның 42%-ы жоғары жылдамдықты деректерді тарату технологиясымен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерді шыны-талшықты байланыс желілеріне (ШТБЖ) қосу жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін интернет 3 781 ауылға жеткізіледі. Нәтижесінде желінің жалпы ұзындығы 160 мың шақырымнан асады және қамту деңгейі 90%-ға дейін өседі. Сонымен қатар Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту үшін 2026 жылдың соңына дейін елдің халықаралық деректер тарату үлесін арттыру жоспарлануда. Бұл мақсатта Транскаспий магистралі мен «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы салынған қаржы көлемі – 30,7 млрд теңге.
2027 жылдың соңына дейін республикалық және облыстық автожолдардың 40 мың шақырымын қоса алғанда, ел бойынша күре жолдарды мобильді байланыспен қамту деңгейін 99%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар спутниктік байланысты дамытуға да баса назар аударылуда: 2025 жылдың соңына дейін қосымша 328 шалғайдағы елді мекен интернетке қосылады. Қазіргі уақытта Қазақстан OneWeb, Starlink, Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon Kuiper компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл бағыттағы жалпы инвестиция көлемі 38,6 млрд теңгеден асады.
Деректерді өңдеу саласында 2030 жылға дейін Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 20 мыңға жуық IT-сөрелері бар Tier III деңгейінен төмен емес 10 деректер орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025–2030 жылдар аралығында АКТ секторына жалпы көлемі шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.