
«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Абай облысы Жарма ауданына қарасты Қоңырбиік, Кіші Қарасу және Салқынтөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Қоңырбиік ауылында ақсақалдар жайылым жерлердің жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мал бар, алайда оны жаятын жер тар. Сонымен қатар Қонырбиік ауылында интернет желісіне қосылу, медициналық пункт ашу, жедел жәрдем көлігін бөлу, мектепке спортзал салу және ауызсуға қолжетімділікті арттыру мәселелері де көтерілді. Кіші Қарасу ауылының тұрғындары әйелдердің зейнет жасының төмендетілуін ұсынды және ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартуды сұрады. Салқынтөбе ауылында басты мәселелер ретінде жолдың жоқтығы, ескірген электр желілері және абаттандыруға арналған бюджеттің жеткіліксіздігі аталды.
Мәжіліс депутаты, ОСДП фракциясының өкілі Ажар Сағандықова Павлодар қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Дағдарыс орталығы» КММ жұмысымен танысты. Орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетеді. Кездесу барысында Ажар Сағандықова орталықтағы тұрмыстық жағдаймен танысып, қызметкерлермен және орталық тұрғындарымен пікір алысты. Депутат мамандардың кәсібилігін және жұмысына жан-тәнімен берілгендігін ерекше атап өтті.
Петропавлда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 280 орындық балабақша салынып жатыр. Құны 1,9 млрд теңге болатын жоба жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс. Қазір құрылыс жұмыстарының тек 40 пайызы орындалған. Осыған орай өңірге арнайы келген Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері құрылыс қарқынын арттыруды талап етті. Себебі солтүстік өңірде жаз қысқа, ал әр күн – есептеулі. Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мамбетов пен Дмитрий Колода сапар барысында қаражаттың тиімді жұмсалуын, нысанның қазіргі жағдайын және құрылыс кестесінің сақталуын бақылауды мақсат етті. Балабақшаны осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Қазақстан Халық партиясы» депутаттық фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов пен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежана Имашева өңірлерге жасалған депутаттық сапар аясында Астана қаласы әкімдігінің «Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» КММ-не барды.
Сапар барысында депутаттар қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арналған әлеуметтік көмек көрсету, тәрбиелік жұмыс ұйымдастыру және тұрмыс жағдайларымен танысты. Қазіргі таңда бұл орталықта бес түрлі санаттағы балалар тұрып жатыр.
Орталық директоры Индира Нұрмұхамбетованың айтуынша, мекеменің басты мақсаты – балаларға қауіпсіз тұрмыстық жағдай жасаумен қатар, моральдық және психологиялық қолдау көрсету. Сапар қорытындысында Магеррам Магеррамов мекеме ұжымының кәсібилігі мен жан-тәнімен беріліп істейтін еңбегін жоғары бағалады.