Алматы • Кеше

Алматы полициясы шетелдік компанияларды көлік нөмірін сарыға ауыстыруға шақырды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы полициясы шетелдік компанияларға тиесілі көліктердің мемлекеттік нөміріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы полициясы шетелдік компанияларды көлік нөмірін сарыға ауыстыруға шақырды

Ведомстводан мәлім еткендей, жүргізілген талдау нәтижесіне мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің кейбір жағдайда белгіленген үлгіге сәйкес келмейтіні анықталды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің бекітілген механикалық көлік құралдарын тіркеу және тіркеуден шығару қағидаларына сәйкес, шетелдік ұйымдарға тиесілі көліктерге меншік түріне қарамастан сары түсті мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері беріледі.

– Аталған сәйкессіздіктерді жою және тіркеу деректерін белгіленген талаптарға сәйкестендіру мақсатында көрсетілген көлік құралдарының иелерінен (өкілдерінен) арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына (Арнайы ХҚКО) барып, нөмірлік белгілерді ауыстыруды сұраймыз, - делінген хабарламада.

Бұл рәсім жұмыс тәртібінде жүзеге асырылады және меншік құқығын растайтын, сондай-ақ көлік құралының заңды тұлғаға тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттардан басқа қосымша негіздерді талап етпейді.

– Осы шараға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Бұл көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің бірыңғай стандарттарын сақтау мақсатында жүзеге асырылып отыр.Қосымша кеңес алу қажет болған жағдайда Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығына хабарласуыңызға болады, - деп атап өтті полициядан.