Бокс • Бүгін, 08:40

8 алтын, 4 күміс, 4 қола

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада өткен «World Boxing» турнирі аясындағы әлем кубогін еліміздің құрамасы осындай нәтижемен қорытындылады. 30 маусым – 6 шілде аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында көрігі қызған жарыста 30 елден келген 300-ге жуық боксшы бақ сынас­ты. Нәтижесінде, еліміздің құрамасы 16 салмақ дәрежесінде жүлдеге қол жеткізді. Ерлеріміз 5 алтын, 1 күміс, 2 қола, қыздарымыз 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль еншіледі. Финалдық ­сайыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жанкүйерлермен бірге тамашалады.

8 алтын, 4 күміс, 4 қола

Чемпион атанғандар қата­рын­да Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (85 кг), Айбек Оралбай (90+ кг), Назым Қы­зайбай (48 кг), Виктория Графеева (60 кг), Наталья Богданова (70 кг) бар.

Күміс жүлдені Нұрбек ­Орал­бай (80 кг), Алуа Балқы­бе­ко­ва (51 кг), Надежда Рябец ­(75 кг), Елдана Тәліпова (80+ кг) жеңіп алды. Қола медальды Ертуған Зейнулли­нов (65 кг), Сағындық Тоғамбай (90 кг), Айдана Забынбекова (57 кг), Аида Әбікеева (65 кг) иеленді.

Үш дүркін әлем чемпио­ны Назым Қы­­зайбай финал­дық жекпе-жек­­­те үндістандық Минакши Минакшимен айқас­ты. Тартысқа толы бәсекеде Н.Қызайбай техни­калық, тактикалық тұрғыда өзінің мық­тылығын дәлелдеп, айқын ба­сымдықпен жеңіске жетті.

Наталья Богданова финалдық бәсекеде аустралиялық Лекейши Перголитиге қарсы күш сынасты. Шешуші кезеңде Н.Богданова қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, алтыннан алқа тақты.

Әлем чемпионы (2023) Санжар Тәшкенбай финалдық айқастың үшінші раундында филиппиндік Джей Брайан Ба­ри­куатроны нокдаунға түсірді. Қорытынды есеп – 5:0, жерлесі­міз бірауыздан жеңімпаз деп танылды.

Виктория Графеева шешуші сында бразилиялық Ребека Де Лима Сантоспен шеберлік бай­қасты. Үш раундтың қорытын­ды­­сында Виктория Графеева 60 кг салмақта әлем кубогінің же­ңім­пазы атанды.

85 кг салмақта белгілі былға­ры қолғап шебері Бекзат Нұр­дәу­летов үндістандық Жугно Жу­гно­мен жұдырықтасты. Жер­лесіміз алғашқы раундтан-ақ қарсыласын нокдаунға түсіріп, қарсы соққы жасауға мүлде мүм­кіндік бермеді. Нәтижесінде, Бекзат Нұрдәулетов Әлем кубо­гінің алтын жүлдесін жеңіп алды.

Тағы бір танымал спортшымыз, әлем чемпионы Мах­мұд Сабырхан шешуші сында Жа­пония боксшысы Руи Ямагу­чи­мен шығуы тиіс болған еді. Алайда қарсыласы жарақаты­на байланысты рингке шықпай, жеңіс Махмұдқа берілді.

75 кг салмақ дәрежесінің финалында жастар арасындағы әлем чемпионы (2021), Азия чем­пионы (2024) Сабыржан Аққа­лықов Еуропа чемпионы, бол­гариялық Рами Киванды айқын басымдықпен жеңді, барлық төреші бір ауыздан (5:0) жеңісті біздің спортшыға берді.

Әлем чемпионы Алуа Балқы­бекова финалда Финляндия өкілі Пихла Кайво-Оямен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, тартысты өткен жекпе-жекте А.Балқыбекова жеңіліп қалды. Екінші раундта ережені бұзғаны үшін төреші Алуадан бір ұпай алып тастады.

Ауыр салмақтағы саңлақ Ай­бек Оралбай финалда германия­лық Никита Путиловты еркін жеңді. 

Олимпия ойындарының кү­міс жүлдегері, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай бұл жолы күміс жүлдені місе тұтты. Нұрбек финалда Франция елінің боксшысы Йожерлен Сезармен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында отандасымыз қарсыласына есе жіберіп, екінші орынды еншіледі.

75 кг салмақ дәрежесінде Надежда Рябец финалдық сын­да нор­вегиялық Суннива Хофс­тад­пен қолғап түйістірді. Үш раундтың қорытындысында тө­решілердің шешімімен жеңіс Норвегия боксшысына бұйырды.

80 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдана Тәліпова фи­налда Үндістан өкілі Нупурға қарсы айқасты. Жекпе-жек тең­ дәр­ежеде өтті. Дегенмен төре­ші­лердің шешімімен үндіс­тан­дық спортшы жеңімпаз атанды.

Сағындық Тоғамбай, Ертуған Зейнуллинов, Аида Әбікеева, Ай­дана Забынбекова жартылай фи­нал­да сүрініп, қола жүлдеге ие болды.

Жалпыкомандалық есепте 8 алтын, төрт күміс, 4 қола ме­даль­мен жерлестеріміз дара шық­ты. Екінші, үшінші орындарда – Бразилия (4+2+1), Үндістан (3+5+3) құрамалары.

Естеріңізге сала кетелік, сәуір айында Бразилияда өткен әлем кубогінің тұсаукесерін­де еліміздің ерлер құрамасы екі алтын, бір қола медаль иеленді. Жалпы есепте жерлестеріміз Өзбекстан (5+2+1) мен ринг қожайындарынан (2+2+1) қалып қойды. Екінші кезең Польшада ұйымдастырылды. Варшавада да өзбектер (6+1+2) алдына жан салмады. Екінші, үшінші орындарда – жарыс қожайындары (5+3+10) мен Италия (3+3+1). Бұл жарысқа еліміздің былғары қол­ғап шеберлері қатысқан жоқ.