
Қазақ тарихындағы жырау мен жыршының есебіне жету қиын шығар. Дегенмен мұнда даңқы жер жарған, соңында өшпес сөз қалған даңғайырларының есімі мен өмір сүрген уақыты таңбаланыпты.
Тоныкөк, Қорқыт, Кетбұға, Сыпыра, Қазтуғаннан қайырғанда, осы заманға дейінгі 110 жырау есімі аталыпты. Үлкен мәрмәр тасты келістіре қалқайтып, «Ғасырлар үні: жыраулар мен жыршылар» деген айдар астына аты-жөнін тізбелепті. Арасында атаусыз қалыңқырап жүрген Нысанбай жырау есімі барына қуандық. Бұған дейін дәл осы тұсқа тура осындай көлемде күйші-композиторлардың есімі мен өмір сүрген уақыты көрсетіліп қашалған мәрмәр тас орнатылыпты. Қасына жыраулар мен жыршылар тұрғызылғалы Күйшілер аллеясының салмағы тіптен артқандай. Ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөзді Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов сөйледі.
«Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің рухын көтеретін осындай іс-шараларды өткізетін мүмкіндігіміз бар. Қай елге барсақ та, бізді қорғап-қолпаштайтын жалғыз Отан – Қазақстан. Қазақстанның төлқұжаты қалтаңызда болса, сол сіздің қалқаныңыз. Сондықтан Домбыра күнімен қатар келген азаттықтың белгісі Астана күні де құтты болсын!
Шығыс Қазақстаннан біздің эрамызға дейінгі 5 мың жыл бұрынғы домбыра табылды. Домбыра – жай ғана аспап емес, біздің ұлы тарихымыз. Бұл алаң елге, ұрпаққа керек. Халықтың руханияты мен танымына қызмет ететін дүние деп ойлаймын. VI ғасырдағы Күлтегіннен басталып, Қаламқас Орашева апамыздан аяқталыпты. Осындағы Алмас Алматов ағалар біліп отыр. Қазақ тарихында 400-ге жуық жыраулар мен жыршылар бар екен. Соның арасынан таңдап 110-ын алған екен. Мұның бәрі елдің тарихы мен рухы, атсалысқан азаматтарға алғыс айтамыз», деді Премьер-министр кеңесшісі.
«Батырлар жыры мен дастандарды ақыл, жад, ес, зерде көзімен ұрпақтан ұрпаққа беріп, аталар бойындағы тектілікті бүгінге жеткізген даңғайыр жыраулар есімін тасқа қашап жазу – халық пен ұлт рухының жаңғыруы. Болашаққа деген саналы қадам, ұлттық рухтың салтанат құруы секілді. Жыраулар мұрасы – тарихтың тірі жәдігері. Мыңжылдық тарихты, алдағы жүзжылдықтың философиялық пайымдарын бойына тұтқан мұралар мәңгі жасай бермекші», деді К.Байсейтова атындағы Ұлттық өнер университетінің профессоры, жыршы Алмас Алматов.
Мұндай игілікті дүниені қолға алып, бастау бар да, оны жүзеге асыру жағын жөнге келтіру де бар. Осы орайда Астанадағы Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекеловтің еңбегін атап өтті іс басындағылар. Аудан әкімі көпшілікті Домбыра күнімен құттықтап, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне үлес қосушы бірқатар азаматқа Алғысхат табыстады. «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев мерекелік іс-шара барысында қордың дәстүрлі жоралғысын да ұмытпады. «Күй анасы» қоры ашылғалы бері осымен 244-ші жас талапқа домбыра табыстады. Бұл жолғы сый Күйшілер аллеясын абаттандырушылар басшысы Амантай Керімовтің қызы Аяулым Амантайқызына ұсынылды.
Алқалаған әлеуметке Алмас Алматов жырдан шашу шашып, мейір қандырғандай қылды. Бірін айтып тоқтағанда, екінші мәрте қолқалады халайық. Көрұғлы жырынан Раушанбек қызылбастың қолынан құтылып Үргенішті бетке алған кезінен үзінді толғады. Күйші Тұрар Әліпбаев күй шалды. Белгілі жыршы, Мәдениет қайраткері Амандық Көмеков отарлаушылардың оғынан өлген Елубай Қосымбаевтың топқа түскенде айтатын толғауын айтты. Халық арасынан жасы сексен бесті алқымдаған домбырашы Балқаш Нақанұлы шығып, «Кербез керік» күйін тартып, халық жылы қабылдады. Жап-жас талап домбырашы Нұртөре Қажымұраттың өнердегі қадамына ақ жол тілеп тарасты мерекеге жиылған ел.