
828 адам MNU түлегі атанды, оның 698-і бакалавр, 130-ы магистр дәрежесіне ие болды. Жас мамандардың көбісі Құқық жоғары мектебін (271 бакалавр және 69 магистр) бітірді. Ал 25 түлекке «Журналистика: аналитика және тергеу» мамандығы бойынша диплом табысталды. MNU баспасөз қызметінің мәліметінше бұл мамандық 4 жыл бұрын Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен ашылған. Одан соң оқу ордасы 2023 жылы Президент Телерадиокешенімен бірлесіп Халықаралық журналистика мектебін іске қосқан.
Түлектерді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады.
«30 жыл ішінде Maqsut Narikbayev University заң білімінің алтын діңгегіне айналды. Біз мұны мойындаймыз. Бірінші кезекте түлектердің ата-аналарын құттықтаймын және сіздерге алаңдайтын ештеңе жоқ екенін айтқым келеді. Себебі MNU бүгінде түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда тұр. Олар ең мықты компанияларда жұмыс істейді, сондай-ақ біз оларды мемлекеттік қызметте көруге қуаныштымыз», деді министр.
Диплом табыстау рәсімі Фемида гүлзарында өтті.
«Maqsut Narikbayev University берген тәлімгерлік пен мүмкіндіктердің арқасында мен үлкен компанияларда тағылымдамадан өтіп, түрлі кейс-чемпионаттарға қатыстым. Бүгінде мен PwC-те - аудиторлық қызмет көрсететін Big4 компанияларының бірінде жұмыс істеп жатырмын. Университет бізге мойымауды және өзімізге сенуді үйретті», деді MNU түлегі Бақыт Сақышова.