
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Қарағанды – Балқаш автожолы іске қосылып, өңірдегі туризм қарқын алды. Осы жылдың 5-7 шілде аралығында Балқаш көліне 60 мыңнан астам турист келген. Министрлік дерегінше, өткен жылы жыл бойы Балқашқа барғандар саны - 140 мың.
Балқашқа арнайы барған министр туризмді дамыту шаралары еліміздегі барлық туристік бағытта жүйелі түрде жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
«Туристер мен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, қалаішілік су құбырлары желісі жаңғыртылып, курорттық аймақтар жаңа магистральдық жүйеге қосылуда. Торанғалық және Шұбартүбек ауылдарында магистральды су құбырын салу жұмыстары басталды.
Шұбартүбек ауылында полиция, төтенше жағдайлар және медициналық қызметтердің модульдік бекеттері орнатылды. Сондай-ақ су айдындарында құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған», делінген Туризм және спорт министрлігінің хабарламасында.
Туристік аймақта қонақүйлерді санаты бойынша жіктеу мәселесі әлі де өзекті. Қапшағай мен Алакөлдегі жағдай сияқты, мұнда да санаулы нысандар ғана ресми түрде «жұлдызды» мәртебесін алған. Бұл қызмет сапаны және жағажай мен айналадағы инфрақұрылымның жай-күйін бақылауды қиындатып отыр. Қазір бұл мәселе заңнамаға енгізілетін өзгерістер аясында қаралып жатыр.
Ербол Мырзабосынов мәселеге қатысты жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берді. Өңірлік сапарлар аяқталып, анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін тексеру жұмыстары қайта жүргізіледі.