Қоғам • Бүгін, 10:40

Бірыңғай есепке алу жүйесі ойыншылардың құқықтарын қорғайды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің подкастында Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) туралы айтылды. Жаңа жүйе ойыншылардың мүддесін қорғауға, сондай-ақ клиенттер мен букмекерлер арасындағы дауларды әділ шешуге жол ашады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бірыңғай есепке алу жүйесі ойыншылардың құқықтарын қорғайды

ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, букмекерлік кеңселерге қатысты шағымдар күн сайын тіркеліп отырады. Көп жағдайда клиенттер ұтыстарын ала алмауына немесе қаражатын енгізген соң аккаунтының бұғатталуына наразылық білдіреді. Бұрын мұндай дау туындағанда министрлік тек букмекерлік кеңсенің жауабына сүйенуге мәжбүр болған, ал олардың өз кінәсін мойындауы өте сирек.

«Әрине, олар ешқашан, тіпті кінә өздерінде болған жағдайда да, оны мойындамайды. Ал әділ шешім шығару үшін бізге жүйе (БЕЖ) көмектеседі. Біз бүкіл бәс тігу тарихын көреміз. Егер адам бәс тігіп, ұтып алса, бірақ түсініксіз, ережелерде және заңда жазылмаған себептермен оған ұтыс төленбесе, біз букмекерлерді шарт талаптарын орындауға міндеттейміз. Яғни, біз клиенттің азамат ретінде тұтынушылық құқығын қорғаймыз», деді Әділет Тұрғанбаев. 

Оның айтуынша, заңсыз онлайн платформаларда ойнаған адамдардың құқықтарын мемлекет қорғай алмайды. Ондай сайттарда ешқандай кепілдік берілмейді. Ал БЕЖ енгізілгеннен кейін заңды букмекерлік кеңселерді бақылау және бағалау мүмкіндігі артады. Бұл жүйе көлеңкелі нарықпен күресуге, заңсыз платформаларды бұғаттауға және азаматтардың тек заңды әрі қауіпсіз ойын алаңдарын пайдалануына жағдай жасайды. Сол кезде азаматтар ондай сайттарға кіре алмайды, тек құқықтары заңмен және БЕЖ арқылы мемлекетпен қорғалған заңды алаңдарда ғана ойнайды.