Алматы • Бүгін, 12:33

Әйел кәсіпкерлерге арналған She’s Next хакатонына тіркеу басталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цифрлық төлемдер индустриясының жаһандық көшбасшысы Visa компаниясы Reinvantage ұйымымен бірлесіп, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі әйелдерге арналған алғашқы She’s Next хакатонын іске қосты. Бұл бастамаға Қазақстан да қосылып отыр. Visa компаниясының She’s Next, Empowered by Visa жаһандық бастамасы аясында ұйымдастырылып отырған хакатон әйел кәсіпкерлерге арнайы оқыту курсынан өтіп, 20 шақты сарапшыдан тәлім алуға, өз бизнесін танымал ете отырып, жүлде қоры 20 000 АҚШ долларлық байқауға қатысуға жол ашады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әйел кәсіпкерлерге арналған She’s Next хакатонына тіркеу басталды

фото: alfa.kz

Өз кезегінде She’s Next хакатоны бизнесте батыл болу, практикалық шешімдер мен инклюзивті инновацияларды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Оның дәстүрлі хакатондардан айырмашылығы – бұл жерде бағдарламалау талап етілмейді, өйткені басты назар бизнесті дамыту стратегиясы мен тиімді шешімдерді табуға аударылады. Қатысушы әйелдер қаржылық тұрақтылық, бизнесті трансформациялау, жаңа нарықтарға шығу, трендтерді болжау сынды кәсіпкерліктегі өзекті басқа да бағыттардағы тапсырмаларды орындайды.
Бағдарламаға қатысқысы келетіндер 30 маусым мен 29 тамыз аралығында тіркеліп, 3-12 қыркүйекте оқудан өтіп, 18 қыркүйек пен 1 қазан аралығында хакатонды бастайды.
Хакатон 3 қазанда өтетін ауқымды виртуалды іс-шара арқылы мәреге жетпек. Ашық форматта, онлайн және ағылшын тілінде ұйымдастырылатын шарада табысты кәсіпкер әйелдер, бизнес-көшбасшылар мен Visa өкілдері бас қосып, тәжірибе алмасып, инновацияларды дамытуға әйелдердің қосқан үлесін атап өтеді.
Бағдарлама аясында қатысушыларға тәжірибелі бизнес мамандары өткізетін төрт вебинар қолжетімді. Бұл вебинарларда олар практикалық білімдерімен бөліседі. Хакатон аясында құрылған командалар кемінде үш менторлық сессия барысында бизнес негізін қалаған әйелдерден, кеңесшілерден , инновация саласындағы сарапшылардан жеке бағыт-бағдар ала алады.
Сонымен қатар, барлық қатысушылар халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейтіп, аймақтың түкпір-түкпірінен жиналған пікірлес әйелдерден құралған She’s Next қауымдастығының цифрлық платформасына қосыла алады.
Жеңімпаздар үш номинация да бақ сынаса, Бас жүлде – $10 000, инновациялық көзқарасы үшін – $5 00, ең үздік әлеуметтік әсер үшін – $5 000.

Қаржылай қолдаудан бөлек, жеңімпаздарға сала көшбасшыларынан үш айлық тәлімгерлік, Visa мен Reinvantage платформаларында кеңінен таныстырылу, болашақ іс-шараларға қатысу мүмкіндігі, She’s Next қауымдастығында үздіксіз насихат және бүкіл өңір бойынша БАҚ-та таратылатын ресми баспасөз хабарламасында аталып өту мүмкіндігі ұсынылады.

«Visa» компаниясы әйелдердің көшбасшылығы мен кәсіпкерлігін ұзақ жылдан бері қолдап келеді және әйелдердің инклюзивті экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айнала алатынына нық сенеді»,  деді Visa компаниясының Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ өңірлеріндегі аға вице-президенті және өңірлік менеджері Кристина Дорош.

She’s Next хакатонына қатысуға құрамында ер азаматтар өкілдері бар командаларға да рұқсат етіледі, бірақ команданың жетекшісі міндетті түрде әйел болуы тиіс.