Әскер • Кеше

Әскери оқу орындарына құжат қабылдау басталды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскери қызметкер болып, Отаныңды қорғау – жоғары мәртебелі міндет. Бұл салаға мойын бұрып, мамандық алып, оқалы киім кию үшін елімізде бірнеше әскери оқу орны жұмыс істейді. Бүгін аталған оқу ордаларына түсу үшін құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери оқу орындарына құжат қабылдау басталды

Атап айтқанда, талапкерлерге Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының есігі айқара ашық. Құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасып, қабылдау емтихандары 1-20 тамыз аралығында өтпек. Оларға кәсіби-психологиялық іріктеу, соңғы медициналық тексеру, дене шынықтыру скринингі және мандат комиссиясы кіреді. Биылдан бастап «Электрондық үкімет» (e-Gov) порталындағы жеке кабинет арқылы құжат тапсыруға болады.

Болашақ офицерлерді даярлаудың оқу бағдарламалары командалық және техникалық бағыттардан инженерлік бағыттарға дейінгі негізгі әскери мамандықтарды қамтиды. Әскери оқу орындарының курсанттары төрт жыл мемлекеттік білім беру бағдарламалары бойынша оқып, тегін жатақханамен, шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Тамағы тегін, оған қоса, басқа да материалдық көмек көрсетіледі, сондай-ақ медициналық қызмет те қарастырылған.

Әскери жоғары оқу орнына түсу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына жүгінуі, арнайы тексеруден өтуі, сондай-ақ ҰБТ нәтижелерін ұсынуы қажет. Бірінші курсқа қабылданған курсанттар арасында жақын және алыс шетелдердің әскери жоғары оқу орындарында оқуға іріктеу жүргізіледі. Шетелде оқығысы келетіндер оқу тілін білу тестінен және ҰБТ нәтижелерінің рейтингісінен өтеді.

Әскери оқу орындарында білім алуға, дене шынықтыруға және кәсіби тұрғыда өсуге барлық жағдай жасалған. Оқуды аяқтаған түлектерге «лейтенант» әскери атағы беріледі. Олар «бакалавр» академиялық дәрежесін алу арқылы сұранысқа ие мамандықты иеленіп қана қоймай, жұмысқа орналасуға, тұрғын үймен қамтамасыз етілуге мүмкіндік алмақ.