Өндіріс • Бүгін, 08:00

Бал татыған табиғи өнім

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетау сүт зауыты өнімдерінің бәрі – табиғи. Сұранысқа ие болуы да сондықтан. 2023 жылы компания отандық та­уар өндірушілер көрмесінде балмұздақ пен құрт аталымы бойынша өзгелерден оқ бойы озық шықты. Қытайда өткен «China EXPO» көрмесінде Шың­жаң-Ұйғыр автономия­лық округі Қытай комму­нистік партиясы ұйы­мының хатшысы Ма Синжуй «Көкшетау бал­мұз­дағы Қытайдың ең дәмді балмұздағынан да артық» деп мойындапты. Әлгі лепесті естіген қарақұрым халық біздің балмұздақтың кезегіне сап түзеп тұра қалды дейді. Абыройдың асқақтағаны да осы жер.

Бал татыған табиғи өнім

Кәсіпорынның алпыс жыл­дық тарихы бар. 1965 жылы Көкшетауда сүт өңдейтін ша­ғын ғана зауыт ашылыпты. 1993 жылы «Сүт» акционерлік қоғамы болып құрылған. Міне, осы кезден бас­тап өрлеу кезеңі басталады. Өнім түрлерін көбейтіп, байытуға көшкен. 1999 жылы «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі болып қайта құрылған.

Зауыттың қайта жаңғыруы 2019 жылдан басталды. Міне, сол кезде тәулігіне 50 тонна сүт өңдеуге қуаты қаптал жететін жаңа цех іске қосылған. Балмұздақты әдемілеп қаптау қолға алынып­ты. Мұздатқыш камералар жаң­ғыртылып, кәсіпорынның сүт өңдеу үшін тоқтаусыз жұмыс істеуіне қажетті құрылғы газбен жұмыс істейтін болған. Кейінгі үш жыл ішінде газ қоймасын салып, жаңа су құбырын пайдалануға берді. Автопаркті де жаңғыртып, зауыт өнімін сапалы күйінде тұтынушыға жеткізуге көңіл бөлген. Бүгінде зауыт жыл сайы­н қала бюджетіне 95 млн теңге төңі­регінде салық төлейді.

Компанияның құрамына Көкшетаудағы сүт зауыты мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы филиалы енеді. Сүт жинайтын, дайындау кеңселері жұмыс іс­тейді. Дайын өнімді сату да бір­шама жолға қойылған. Бес цехта 50 түрлі сүт өнімі өндіріледі. Оның ішінде йогурт, сүт, май, қай­мақ, ай­ран, түрік айраны, бал­­мұз­дақ­тың бірнеше түрі және ұлт­­тық та­ғам құрт пен қоспа дайын­­далады.

рр

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, зауытты сүт өнімдері­мен қамтудағы кінәрат – шикізат тапшылығы. Жазғы маусымда күніне 100 тоннаға жуық сүт өңделсе, қыста бұл көлем азаяды. Тығырықтан шығар жол іздеген кәсіпорын басшылары Зеренді ауданына қарасты Приречен село­сында 250 бас сауын сиырға лайықталған тауарлы сүт фермасын ұстап отыр. Көкшетаудан 300 шақырым төңіректегі елдің қолындағы түліктің сүтін сатып алуды ұйымдастыруда. Әрине, әр жерден жиналған сүт бол­ғандықтан, сапасына мейлінше көңіл аудару керек.

Айтпақшы осы арада төрт түліктің сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы малсақ ағайын үшін бұл істің тиімділігін де айта кеткен ләзім. Қысы ұзақ солтүстік өңірде сүтін бұлдап сата алмаса, қара мал ұстау тиімсіз. Зауыт ауыл ахуалын жақсартуға да біршама септігін тигізіп отыр. Сүт сапасын тексеру үшін өздерінің зертханасын іске қосқан. Бұл жерде күн сайын шикізаттың және дайын өнімнің сапасы тексеріледі. Зауыт зертханасына Азамат Мырзалин жетекшілік етеді. Шикізатта да, дайын өнімде де қылаудай ауытқу болмауы керек. Осы кірпік қақпай күзететін сапа мәселесін оң жолға қою зауыттың бар шаруасының нәтижелі болуына ықпал етіп тұр.

Өнімді өндіру бар да, тұ­тынушыға жеткізу бар. Қазір компания 40 автокөлікті пайдаланады. Оның 18-іне мұздатқыш пен тоңазытқыш орнатылған. Қалған техника шикізат пен дайын өнімдерді тасиды. Бір жақсысы, зауытта қол еңбегі барынша азай­­тылған. Жұмыс ырғағы жаңа заманғы қондырғылармен қам­тамасыз етіліп, барынша автоматтандырылған. Мәселен, ұлттық өнім өндіретін цехта ­17 жұмысшы еңбек етеді. Олар сық­па құртты қолмен дайындайды. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, алдағы уақытта сықпа құрт дайындауға қажетті құрылғы сатып алынбақ. Сол кезде ұлттық өнімнің көлемі де молаяды.

Зауыт өнімдері облыс орта­лығымен қоса ірі елді мекендердің басым көпшілігіне жеткізеді. Астана қаласында 10 сауда орны бар. Өнім өткізу географиясы да кеңейген. Көкшетаулықтар дайындаған дәмді Ақтау, Алматы, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз, Түркістан, Екібастұз қала­ларының тұрғындары да татуда.

Ел тірлігіне араласып, қайы­рым­дылық көрсету де әлмисақтан дәс­түрге айналған. «Арлан» хоккей клубына өз өнімдерін жеткізіп бе­реді. Компания басшылары өті­ніш айтып келген мұқтаж жан­дар­дың меселін жыққан емес. Бала­­­ларды қорғау күні 1700 кило бал­­­­мұздақ таратып, ұлттық рекорд орнатқан. Бұл игілікті іс Қазақ­­­станның рекордтар кітабына еніпті.

Көкшетау