Қоғам • Кеше

Жас отбасыларға жеңілдік жасалады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде отбасы құрғанына бес жылдан аспаған жұптар үшін жеңілдетілген ипотека беру бастамасы қолға алынған. «Жас отбасы» деп аталатын бағдарлама аясында ерлі-зайыптылар жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен баспана сатып ала алады. Бұл жобаны «Отбасы банк» жүзеге асырады, деп жазады Egemen.kz.

Жас отбасыларға жеңілдік жасалады

Фото: ашық дереккөз

Бағдарламаға қатысу үшін неке қиылғанына 5 жылдан аспауы тиіс. Жұбайлардың жасы маңызды емес. Жоба шеңберінде пәтер немесе үй сатып алуға, үй салуға жер алуға, жөндеу жұмыстарына несие рәсімдеуге болады. Қарыз сомасы 100 миллион теңгеге дейін жетеді. Ипотеканың бастапқы мөлшерлемесі – 6 пайыз, кейін 5 немесе 3,7 пайызға дейін төмендетіледі.

Алдымен бағдарлама бойынша арнайы депозит ашу қажет. Бұған дейінгі жинақ есепке алынбайды, тек жаңадан ашылған шот жарамды. Екі жұбайдың да шот ашуға құқығы бар, бірақ кейін шоттар біріктірілуі тиіс.

Ипотека алу үшін үш талап бар: депозитке кемінде бір жыл ақша салып отыру; үй құнының 50 пайызын алдын ала жинау; бағалау көрсеткіші (ОП) 5 балдан кем болмауы керек. Алғашқы кезеңде аралық қарыз беріледі, кейін ол тұрғын үй несиесіне ауысып, пайыз төмендейді.