
Фото: Ашық дереккөзден
Іс-шараға Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, қала әкімдері, тиісті ведомстволардың басшылары, сондай-ақ барлық облыс орталықтары әкімдерінің орынбасарлары, аудан басшылары, сәулетшілер мен қалалық ортаны көгалдандыру және жарықтандыру жөніндегі мамандар, еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам адам қатысты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы дамытудың стратегиялық бағыттары жөнінде баяндады. Әкім атап өткендей, елорда тұрғындарының саны 1,5 миллион адамға жетіп, жыл сайын шамамен 7%-ға өсіп келеді. Осыған орай қаланың жаңа Бас жоспары қабылданды. Онда 2030 жылға қарай халық саны 2,3-2,5 миллион адамға дейін артады деп болжанған. Сондай-ақ семинарда ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы талқыланды. 2030 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіріледі. Қаланың құрылыс саясатында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, жасыл аймақтар құруға басымдық беріледі. Барлық жұмыс «адамдарға арналған қала» қағидатына негізделіп отыр.
Астанада көлік жүйесін дамыту да – басты бағыттардың бірі. Қоғамдық көліктің үлесін қазіргі 41%-дан 71%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайырықтар салынады. Сонымен қатар LRT жобасын іске асыру жалғасып жатыр. Алғашқы желінің сынақ режімінде іске қосылуы биылғы қыркүйекке жоспарланған.
Экология және көгалдандыру мәселесі де – ерекше назарда. Кейінгі үш жыл ішінде Астанада 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Қалада көгалдандыру ережелері қабылданып, ағаштарды цифрландыру жүйесі енгізілді. Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салынады, сондай-ақ Green Line жаяу жүргіншілер жолы мен Damu паркі қолға алынады. Елордада креативті индустрия мен оқиғалы туризм де дамып келеді.
Семинардың басты тақырыбы өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, қалаларды тұрақты дамыту саласында тәжірибе алмасу болды. Шақырылған сарапшылар қатарында Lda Design Британдық сәулет бюросының басшысы Андрей Елбаев ландшафттық шеберлік жоспарлау тәсілдерін, тұрақты дамудың халықаралық мысалдарын ұсынды. Абаттандыру жөніндегі сарапшы Татьяна Наг қалаларда көгалдандыру сапасының стандарттарын енгізу туралы әңгімеледі. Сәулеттік жарықтандыру жөніндегі маман Андрей Наумов қаланың атмосферасын қалыптастыру құралы ретінде жарықтың маңыздылығын атап өтті.
Семинарға қатысушылар қаланың негізгі нысандарын, Бейбітшілік, Сәтбаев көшелерін, Ататүрік саябағы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлытау аллеясы, әуежай жанындағы LRT стансасы, GreenLine бульвары, басқа да бірқатар қоғамдық кеңістіктерді аралап көрді. Танысу барысында жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың практикалық тәсілдері – ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды ұйымдастырудан бастап, абаттандыруда заманауи материалдар мен шешімдерді қолдануға дейінгі әдістер жан-жақты сөз болды.