
Фото: anatili.kazgazeta.kz
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, Абай облысы аумағындағы шекаралық бақылау бөлімшелері маусым айында бірнеше заң бұзушылықты анықтап, қылмыстық істерді болдырмаған. Мәселен, 15 маусымда «Ауыл» автомобильдік шекаралық бақылау бөлімінің шекарашылары иісшіл иттің көмегімен рейстік автобуспен Ресейге бет алған Қазақстан азаматының жүгінен жасыл түсті, ерекше иісті, өсімдік тектес зат – шамамен 5 грамм марихуана тәркілеген.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елімізде жыл басынан бері мұндай 4 мың тонна есірткі тәркіленген болса, соның бірқатары Абай облысының шекара қызметінің еңбегі екен. Бұл орайда маусым айында басталған «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы да есірткімен күреске оң септігін тигізіп, Абай облысындағы ірі ішкі есірткі арнасы жойылды. «Қарасора» операциясы маусымның 1-інен қазанның 31-іне дейін жалғасады.
Ал 13 маусымда Абай шекарашылары заңсыз валюта алып өту әрекетіне де тосқауыл қойды. Ресей азаматы елімізден 1 386 833 рубль (8,3 млн теңгеге жуық) көлемінде қолма-қол ақшаны заңсыз алып өтпек болған. Бұл сома рұқсатты мөлшерден 3 млн теңгеден артық. Заңды белден басқан азамат мемлекеттік шекарадан өткізілмей, уәкілетті органдарға тапсырылды. Бұған қоса 17 маусымда шекара қызметі қос азаматтық фактісін анықтаған. Ресей азаматының қос азаматтығы бар екені анықталып, Қазақстан шекарасынан өткізілмеді. Оның ісі Семей қаласының көші-қон қызметі полициясына берілді.
Сонымен қатар Шекара қызметі мен көші-қон заңының бұзылуына қатысты бірнеше қылмыстық әрекет анықталған. 13 маусымда Моңғолия азаматы елде тіркеусіз 50 күн жүргені үшін сот шешімімен 5 жылға елден шығарылса, 16 маусымда Қытай азаматы тіркеусіз жүргені үшін ескерту алды. 17 маусымда Тәжікстан азаматы елде тіркеусіз 84 күн жүргені үшін айыппұл салынып, шекарадан өткізілмеді.
Ел шетін кірпік қақпай күзететін шекарашылардың еңбегі мол екені даусыз. Ел қорғандары шекара шебін берік күзетіп, жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.
Абай облысы