
Фото: egemen.kz/Ерлан Омар
«Адал азамат» біртұтас бағдарламасы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы. Тек мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.
Бағдарлама адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеуді көздейді. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады.
«Адал азамат» аясында барлық мектеп үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады.
Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз жүргізіледі.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА мәліметінше, ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Мысалы: әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтарды оқу процесінің өзегіне айналдыру жоспарланған. Осы бағытта мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен қатар, оқушының мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар, буллингтің, құқықбұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары жалғасын табады.