Айбын • Бүгін, 12:20

Елордада әскери емхана ашылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жаңа әскери емхананы ашты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесі 300-дей пациентті қабылдауға дайын. Ол әскери қызметшілерге, курсанттарға, кадеттерге, олардың отбасы мүшелері мен ардагерлерге қызмет көрсетпек, деп жазады Egemen.kz.

Елордада әскери емхана ашылды

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің, Тыл басқармасының басшылығы, Бас әскери клиникалық госпиталінің жеке құрамы мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Әскери дәрігерлерді айтулы оқиғамен құттықтаған Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов емхана әскери қызметшілердің отбасылары, сондай-ақ Қарулы күштер ардагерлері үшін ыңғайлы жерде орналасқанын атап өтті.

«Министрліктің Бас әскери клиникалық госпиталінің бөлімшесі мыңдаған әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелеріне білікті көмек көрсетеді. Ол әскери амбулаториялық қызмет жүйесінде жетекші орын алады. Ғимаратқа күрделі жөндеу, қайта жоспарлау жұмыстары жүргізіліп, заманауи жабдықтар сатып алынды», деді ведомство басшысы.

емхана

Сондай-ақ ол әскери емханада жаңа мүмкіндіктер көп екенін атап өтті.

«Біздің тараптан жағдай жасалды, сіздердің ендігі міндеттеріңіз – медициналық көмек көрсету сапасын жаңа сатыға көтеру. Кәсіби істеріңіз, қамқорлықтарыңыз әскери қызметшілеріміздің денсаулығына ғана емес, моральдық рухына да әсер етеді. Сенімді ақтап, әскери медицинаның беделін арттыру және оның қоғамдағы имиджін көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сенемін», деді Қорғаныс министрі.

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов пен «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов салтанатты жағдайда таспаны кесті.

Іс-шара соңында қонақтар дәрігерлік бейінге сәйкес жабдықталған кабинеттерді аралап шықты.