
Сұмдық жайт туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оқиға Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған.
Ақпаратқа сәйкес, марқұмның туыстары 32 жастағы Айзат Жұманова күйеуі Айбар Жанболаттың қолынан қаза тапты деп отыр. Қайғылы оқиға 2 жасар қызының көз алдында болған.
- Туыстарының сөзінше, ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Артынша бірнеше сағатқа созылған адам сенгісіз жайттар болды. Айзатты ерекше қатыгездікпен сабаған. Медициналық сараптама қорытындысынан адам шошиды. Бас-ми жарақаты, ми ісінуі, бас сүйегі негізінің сынуы, аяқ-қол мен жамбас сүйектерінің бірнеше жерден сынуы, дененің жерге сүйрелу іздері. Туыстарының пайымдауынша, Айзаттың қолын арқанға байлап, жылқымен сүйреген, – деп жазады журналист.
Жетісу облыстық Полиция департаменті 22 маусым күні сағат 02:30 шамасында Айзат Жұманова облыстық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Дәрігерлер келгеннен кейін жарты сағат ішінде ол көз жұмған.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
- Аталған қылмыстық іс Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Қазір күдікті ретінде жәбірленушінің жұбайы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.
Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.