
Фото: primeminister.kz
Күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті, картоп секілді әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуі байқалып отыр. Күнбағыс майы бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр: 2024 жылы оның өндірісі 15%-ға ұлғайды, бұл – ішкі қажеттіліктен екі есе көп. Биылғы 6 айда өндіріс көлемі 388 мың тоннаны құраған, бұл – былтырғы сәйкес кезеңнен 21,3%-ға артық. Қаңтар-наурыз айларында 294 мың тонна май экспортталып, осылайша өткен жылмен салыстырғанда ол 41%-ға артқан. Қазір жалпы қуаттылығы 421 мың тонна болатын 5 ірі қайта өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр.
Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияға қарсы саясат жүйелі әрі тиімді болуы тиіс екенін атап өтті. Қабылданған шаралар бойынша Үкімет пен Ұлттық банк келісе отырып іс-қимыл жасау керектігінің маңыздылығына баса назар аударылды.
«Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды және кешенді көзқарасты қажет етеді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданған шараларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек және мақсатты бағдарларға қол жеткізуге кезең-кезеңімен ұмтылатын болады», деп атап өтті Премьер-министр.