Тағайындау • Бүгін, 17:19

Алматының жаңадан тағайындалған бас дәрігері Марат Пашимов туралы не білеміз?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Марат Орынбасарұлы Пашимов қала әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп жазады Egemen.kz.

Алматының жаңадан тағайындалған бас дәрігері Марат Пашимов туралы не білеміз?

Марат Орынбасарұлы бұған дейін Алматы қаласындағы «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметін 2 жыл 4 ай атқарған. Осы мерзімде аталған ғылыми-зерттеу институтын заман талабына сай жаңартып, тың  жетістіктерге жетелеген іскер басшы. Ал, оған дейін Пашимов әлемді әбігерге салған коронавирус індеті белең алған кезде Түркістан облысында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің мықтылығын мойындатты. Нәтижесінде облыс пандемия аяқталғанға дейін қызыл аймаққа енбеген еліміздегі жалғыз өңір болды.

Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болған 3 жылда коронавирусқа қарсы күрес мақсатында облыстың медицина мекемелері 368 дана өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталды. 890 оттегі концентраторлармен, 8 оттегі станциясынмен, 12 дана компьютерлік томографпен, 12 жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етілді. Ал 2021 жылы Түркістан қаласындағы 200 төсек-орынға арналған тез құрылатын модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, пайдалануға берілді. Облыста ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 13-ке жетті. Жедел-жәрдем қызметі 133 автокөлікпен қамтамасыз етілді. Бұл автокөліктер жедел-жәрдем қызметі паркін 96 пайызға жаңартуға мүмкіндік берді. Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша көп кезеңінде ел бойынша жасыл аймақта орналасты.

Ана мен бала денсаулығын сақтау облыста акушер-гинекологтармен 93 пайыз, босандыру ұйымдары неонатологтармен – 88, анестезиолог-реаниматологтармен – 89, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары және ауруханалар педиатр мамандарымен 94 пайыз қамтамасыз етілді. Жоғары технологиялық медициналық көмек жоғары мамандандырылған көмектің 18 түрі жүргізілді. Құрылыс, инфрақұрылымды дамыту бойынша 2020-2021 жылдары Түркістан өңірінде 15 денсаулық сақтау нысаны салынса, 2022 жылы 31 денсаулық нысанының құрылысы жүргізілді. Облыстағы медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтау үшін 2020-2022 жылдары жалпы сипаттагы трансферттер есебінен 1724 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде медициналық техникамен жабдықтау көрсеткіші 84,77 пайызға жетті.

Осындай және көптеген басқа да игі істерге басшылық еткен Марат Орынбасарұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «жалпы медицина» мамандығы бойынша, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы кардиология орталығында мейіргер болып бастады. Одан кейін облыстық клиникалық ауруханада анестезиолог-реаниматолог, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі болып жалғастырды. 2008-2009 жылдары телемедицина орталығының меңгерушісі, 2009-2015 жылдар аралығында облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары, 2015-2017 жылдары Шымкент қалалық №3 емхананың бас дәрігері, 2017-2020 жылдары аралығында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. 2020-2023 жылдары Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2023 жылдың наурызынан бүгінге дейін «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып еңбек етті.

Марат Пашимов – жоғары біліктілік санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі.