
Фото: ТСМ
Жұмыс тобының мүшелері туристермен кездесулер өткізіп, Қапшағай су қоймасындағы, Алакөл және Балқаш көлдеріндегі инфрақұрылыммен танысты. Азаматтардың туристік инфрақұрылымның жай-күйіне, сервистің жеткіліксіз деңгейіне және қажетті қауіпсіздік шараларының болмауына қатысты хабарламалары расталды.
Әсіресе, жергілікті атқарушы органдар басқаратын коммуналдық жағажайлардың жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызған. Онда абаттандыру нормаларын бұзу, чек бермей жұмыс істейтін бизнес субъектілерінде кассалық тәртіптің болмауы, сондай-ақ санитариялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын елемеу фактілері тіркелген.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, инспекция қорытындысы негізінде және Президенттің тапсырмасын орындау үшін жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолданылды:
— туризмді дамытуға жауапты туризм және спорт вице-министріне, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды;
— Қонаев, Балқаш қалаларының, Алакөл, Мақаншы аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдеріне сөгіс жарияланды;
— кәсіпкерлікке, туризмге, қоршаған ортаны қорғауға, сәулет пен саудаға жауапты облыстық басқармалардың басшыларына жазалау шаралары қолданылды;
— экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары жауапкершілікке тартылды.
Қазір жергілікті жерлерде орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі тексерулер жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша туристік инфрақұрылымды дамытудың Жол картасы әзірленетін болады. Онда саладағы жүйелі проблемаларды жою жөніндегі бірінші кезектегі шаралар айқындалады.
Бұдан басқа, жұмыс тобының базасында туристік қызметтердің сапасын арттыру, курорттық аймақтарды абаттандыру және жергілікті жерлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тұрақты негізде үйлестіретін Жобалық кеңсе жасақталған.