Жекпе-жек • Бүгін, 08:55

Абай Әбу-Дабиде айқасады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түрлі жарыста жасындай жарқылдап жүрген жартылай жеңіл салмақтағы Абай Жалалдың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс.

Абай Әбу-Дабиде айқасады

Спорттық мансабын Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубынан бас­тап, «Октагонда» жалғастырған 21 жастағы Абай қысқа ғана мерзім аралағында көрермен көзайымына айналып үлгерді. Осы күнге дейін жеті жекпе-жек өткізген ол бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Төрт кездесуінде бәсекелестерін нокаутқа жіберсе, екі рет «сабмишн» әдісін қолданды. Бір айта кетерлігі, сол жеті жекпе-жектің алтауын бірінші раундта-ақ аяқтады.

Күні кеше Абай Жалалға БАӘ-нің әйгілі промоутерлік компаниясының көзі түскені мәлім болды. Енді ол UAE Warriors лигасында өнер көр­сетеді. Тұсауксер кездесуін қазақ файтері 23 шілдеде аталған мемлекеттің астанасы – Әбу-Дабиде өткізеді.