
Барлық жаттығуды есепке алар болсақ, еліміздің жастар құрамасы 12 алтын, 4 күміс, 7 қола медальды олжалады. Вьетнам мен Үндістанның нәтижелері бірдей болды. Олар 8 алтын, 6 күміс, 2 қоланы қоржынға салды. Оңтүстік Корея құрамасы 7 алтын, 6 күміс, 4 қоланы еншіледі. Жасөспірімдер жарысында жерлестеріміз 9 алтын, 8 күміс, 10 қоланы қанжығаға байлады. Таиланд 6 алтын, 7 күміс, 2 қоланы иеленді. Қытайдың қоржынында – 6 алтын, 5 күміс, 1 қола. Азияның ең үздік командалары арасынан еліміздің зілтеміршілерінің озып шығуы отандық ауыр атлетиканың әлеуеті өте жоғары екенін байқатады.
Әсіресе 71 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 17 жастағы Әлихан Әскербайдың шеберлігі баршаны тәнті етті. Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының тумасы жарыстың үш жаттығуы бойынша да алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Әлихан Азияның үш, әлемнің үш рекордын жаңартты. Қоссайыстың қорытындысында аса дарынды жас өрен 310 (141+169) килограммдық зілтемірді еңсерді. Бұл – ерекше атап өтерлік жайт. Қазірде білікті бапкер Сергей Седовтың қол астында жаттығып жүрген Ә.Әскербайдың болашағына мамандар зор үмітпен қарап отыр. Себебі былтырғы Азия чемпионатында да қандасымыз алтын тұғырға көтерілген еді. Ол кезде Әлихан 64 кг салмақта бақ сынады.
Астана төрінде Ә.Әскербайдан бөлек, Ксения Прозорова (58 кг), Нұржан Жұмабай (79 кг), Едіге Емберді (79 кг), Кира Данилова (69 кг), Ерасыл Сәулебеков (88 кг), Денис Полубояринов (94 кг), басқа да зілтеміршілер тамаша өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.