Қоғам • Бүгін, 11:37

Елімізде 2030 жылға дейін жаңа көші-қон саясаты әзірленеді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда көші-қон үдерістері тұрақты оң көрсеткіштерге ие. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Ол 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, құжатты іске асыру аясында республикада оң көші-қон сальдосы сақталып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде 2030 жылға дейін жаңа көші-қон саясаты әзірленеді

Фото: Ашық дереккөз

Светлана Жақыпованың айтуынша, ішкі еңбек ұтқырлығы бағытында да іскерлік белсенділік артып келеді. Мәселен, 2022 жылдан бері ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында 28 мыңға жуық азамат ел ішінде қоныс аударған. Бұл өз кезегінде қоныс аударушы өңірлердегі теріс көші-қон сальдосын төрт есеге азайтуға мүмкіндік берген.

«Ағымдағы кезеңде қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша қабылданған шаралар олардың солтүстік өңірлерден нөлдік мәнге кету деңгейін төмендетуге ықпал етті», деді министр.

Сондай-ақ, министр 2030 жылға дейін көші-қон және демографиялық саясатты дамытуға арналған жаңа стратегиялық құжат әзірленіп жатқанын жеткізді.

Құжат аясында еңбек көші-қонын басқарудың цифрлық тетіктері іске қосылады. Бұл үшін Қазақстанда Еңбек көші-қоны бойынша бірыңғай цифрлық платформа енгізілмек. Платформа арқылы білікті мигранттарды іріктеу, тіркеу және бейімдеу үдерістері автоматтандырылады.

Жаңа құжатта:

  • Заңсыз жұмыспен қамту мен көлеңкелі экономикаға қарсы шараларды күшейту;
  • Шетелдік жұмыс күшінің еңбек құқықтарын қорғау;
  • Тапшы салалар бойынша квота жүйесін қайта қарау;
  • Ұйымдастырылған көші-қон арналарының аясын кеңейту қарастырылады.

Ішкі еңбек көші-қонын жандандыру үшін кешенді тәсіл енгізіледі. Алдымен қажетті инфрақұрылым құрылып, содан кейін ғана тұрғындарды көшіру жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге тарту мақсатында жаңа мотивациялық құралдар енгізу жоспарланған.