Туризм • Бүгін, 12:42

Биыл Қазақстанға 7,5 млн-нан астам турист келген

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 600 мың адамға көп. Сонымен қатар, бұл елден кеткен шетелдіктер санына қарағанда 300 мыңға артық. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Қазақстанға 7,5 млн-нан астам турист келген

Фото: Ашық дереккөз

Оның айтуынша, елге келген шетелдіктердің 90 пайызы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдердің азаматтары. Ең көп келушілер Өзбекстаннан (2,8 млн адам), Қырғызстаннан (1,7 млн адам) және Ресейден (1,5 млн адам) тіркелген.

Қазіргі таңда елімізде тұрақты тіркеуде тұрған шетел азаматтарының саны 212 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 42 пайызға артқан. Атап айтқанда, 2022 жылы 148 мың шетелдік тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 212 мыңға өскен.

Шетел азаматтарының ең көбі Алматы қаласында (42 мың), Алматы облысында (32 мың) және Астана қаласы мен Қарағанды облысында (әрқайсында 17 мыңнан астам) тіркелген.

Сондай-ақ, үкімет отырысында виза алу тәртібі жеңілдетілгені айтылды. Қазіргі таңда 87 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Ал 107 елдің азаматтары үшін электронды виза рәсімдеу қолжетімді. Соңғы уақытта 9 мыңнан астам электронды виза беріліп, мемлекет бюджетіне 270 миллион теңге түскен.