
Көрмеде ХХ ғасырда Қазақстан бейнелеу өнері мектебінің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен әр буын өкілдерінің шығармашылығы тоғысып жатыр. Олардың қатарында Молдахмет Кенбаев, Николай Хлудов, Хакімжан Наурызбаев, Валентин Антощенко-Оленев, Валерий Каптерев, Татьяна Глебова және т.б. бар.
Қазақстанға XIX ғасырдың соңында келген Николай Хлудов шығармашылығының XIX ғасырдағы реалистік кескіндеме мектебі қазақ жерінде кеңінен танылып, жалғасын табуына ықпалы зор болды. Суретші көп жерге саяхаттап барған, соның нәтижесінде тұрмыс пен табиғат көріністерін бейнелейтін кескіндемелік туындылар жазды.
Еліміздің бейнелеу өнерінде Қазақстанның халық суретшісі Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығы ерекше орын алатыны белгілі. Ол – академиялық көркем білім алған алғашқы қазақ суретшілерінің бірі. Оның туындылары терең мазмұнымен және ұлттық болмысымен ерекшеленеді.
Хакімжан Наурызбаев – ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының халық суретшісі. Ол мәдениет пен өнер қайраткерлерінің портреттер галереясын жасап, еңбек ерлерінің келбетін қағазға түсіріп үлгерген.
Валентин Антощенко-Оленев – республикадағы аса көрнекті график-суретшілердің бірі болған. Оның шығармашылығы жанр, тақырып және көңіл күй тұрғысынан алуан түрлі. Суретшінің сүйікті техникасы – ақ-қара линогравюра. Бұл әдіс арқылы ол түрлі тақырыптарды шебер бейнелеген.
Бұл көрме қылқалам шеберлеріне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар олардың көзқарасымен сол дәуірге оралуға мүмкіндік берді. Олардың шығармашылық мұрасы өшпейді, шабыт сыйлап, жүректі тебірентіп, өткеннің үнін келер ұрпаққа жеткізеді. Ең бастысы, шексіз уақыт пен кеңістіктегі адам болмысын еске түсіреді.