Жасанды интеллект • Бүгін, 09:35

ЖИ дәуірінде қандай мамандықтар жойылады?

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жасанды зерденің өмірімізге жаппай енуі – технология дамуындағы тағы бір қадам ғана емес, еңбек нарығындағы жаңа дәуір. Қазір автоматтандыруға бейім кәсіп­тер тізімі күткендегімізден де жылдам кеңейіп барады. Көпте­ген сала жаңа келбетке ие болып жатқанда адам үшін ең оңтай­лысы – машиналармен өзара әре­­кеттесіп, олардың мүмкін­дік­терін өз дағдыларымен толық­тыру болмақ.

ЖИ дәуірінде қандай мамандықтар жойылады?

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Күні кеше әртүрлі талдау агенттігі әлемдегі барлық жұмыс орнының 40 пайызы автоматтандыру мен жасан­ды зерденің ықпалында болатынын болжады. Оның қатарында жұмыс орын­дары­ның көптігі ескерілген дамыған елдерде бұл деңгей 60 пайызға жетіп, табысы тө­мен және аграрлық секторы басым даму­шы мемлекеттерде автоматтандыру жұмыс орындарының ша­мамен 26 пайы­зы­на әсер етеді делінген. Бірақ қазіргі ге­неративті нейро­желілерге негіздел­ген жаңа құралдардың қуаты бұл бағалауға өз түзетуін енгізіп үлгерді. Бұрынғыдай адамның қатысуын қа­жет етпей, жылыстап ЖИ-дің еншісіне өткен функ­ция­лар­дың қа­тары толығып келеді.

Күнделікті қайталана­тын немесе оңай рәсімде­летін жұмыстардың едәуір бөлігін ЖИ еш бөгеліссіз атқарады. Әрине, бұл бізді технологиялық жұмыс­сыздық пен құлдырау күтіп тұр дегенді білдірмейді. Бұрынғы технологиялық төңкерістер де (мысалы, ауыл шаруашылығын механикаландырудан бас­тап кеңселерді ком­пью­терлендіруге дейін) кейбір жұмыс орын­дарының жоғалуына және басқа­лары­ның құрылуына әкелгені белгілі. Десек те ЖИ жағ­дайындағы өзгерістердің ауқымы мен жылдамдығы бұрын-соңды болмаған.

Жыл сайын жұмысты айтарлықтай оңтайландыратын, қызметкерлерді күн­де­лікті тапсырмалардан босатып, одан да маңызды және шығармашылық жоба­ларға назар аударуына мүмкіндік бе­ре­тін жаңа құралдар пайда болып жатыр. Алайда айқын артықшылықтарға қа­рамастан, бұл өзгерістердің белгілі бір тәуе­келдері бар. Көптеген кәсіп қазір­дің өзінде келмеске кетсе, кейбіреулері­мен алда­ғы онжылдықтарда қош айтысуымыз мүмкін. ЖИ құралдарының дамуы байла­ныс орталықтары опера­торларының, ка­с­сирлердің, жүргізу­шілердің және бас­қа да мамандар­дың санының азаюы­на­ әкелген үрдіс бірнеше жылдан бері бай­­қалып келеді. Халықаралық валюта­ ­қоры­ның (ХВҚ) соңғы мәліметтеріне ­қара­­ған­­да, адамды жұмыстан босататын­ ма­­ман­­­дық­тар қатары анағұрлым көп. ­Чат-бот­­тар қазірдің өзінде «суық қоңы­рау­­­лар» шалып, сөйлеуді бейімдеу үшін клиент­тің дауыстық реакциясын тани ала­ды. Үзіліссіз, тәулік бойы жұ­мыс іс­теу оларды тірі операторлармен салыс­тыр­ғанда тиімдірек етеді. Де­мек­ теле­м­ар­кетологтер үшін тәуекел іс жү­зінде ең жо­ғары. Ал көптеген компа­ния бай­ланыс орталықтарын толығымен авто­мат­тандырылған шешімдерге ауыс­­­ты­­рады. Дауыстағы эмоцияларды та­­нуды және оңтайландырылған қарым-қа­тынас сценарийлерін ұсы­ну­ды мең­­гер­ген дауыстық боттар мен нейрожелілер әлдеқашан тірі байланыс операторларының орнын басқан. Алайда бүгінде күрделі интеллектуалды қызметпен байланысты мамандықтарға да қауіп төніп тұр.

Мысалы, бухгалтерлер мен аудитор­лар­дың кешенді талдауы мен шешім қабылдауында адам факторы әлі де ма­ңызды, бірақ қолмен жұмыс істеу­ көлемі айтарлықтай азайған. Бухгал­тер­лік есеп пен салықтық есеп айыры­су­ үдерісін автоматтандыру бух­галтерлер мен салық кеңесшілеріне сұ­ранысты айтарлықтай төмендетіп отыр. Клерк, кеңсе қызметкерлері, бух­гал­терлер­дің көмекшілері негізінен құжат­тар­­мен, мәліметтер базасымен және қар­жы­лық есептеумен жұмыс істейді. Ал­го­ритм­дер мен мамандандырылған бағ­дарлама­лар деректерді енгізуді, файлдар­ды сұрыптауды және тіпті адамның ең аз қатысуымен соңғы есептілікті қалып­тастыруды автоматтандыруға қабілетті.

ЖИ бүгінде қысқа мәтіндерді, өнім сипаттамаларын, жаңалықтарды, тіпті ғылыми шолуларды ойдағыдай жазып шығады. Егер интернет-дүкен үшін бірдей сипаттамалар сияқты күнделікті мазмұн туралы айтсақ, ЖИ оны тезірек және арзанырақ етеді. Ал копирайтердің сұранысқа ие болуы үшін шығармашылық тұрғыда ізденуіне тура келеді. Сол секіл­ді онлайн-банкинг, электронды ауда­рымдар, мобильді қосымшалар және финтех-сервистер дәстүрлі банк бөлім­ше­леріне деген қажеттілікті азайта отырып, жетекші орынға ие болды. Бұрын кассирлер жасаған көптеген опера­ция­ енді қосымша мүмкіндіктері бар қол­данбалар мен банкоматтар арқылы оңай орындалады. Пошта саласында да адам­ның еңбегіне сұраныс жыл санап қыс­қарып келеді. Электрондық хаттар мен мессенджерлердің таралуы қағаз пош­таның көлемін азайтады, ал сәлем­де­мелерді тез жеткізу үшін дрондар мен логистикалық роботтар көбірек қол­данылады. Фармацевтерге келсек, ЖИ нау­қастың медициналық деректерін талдап, дәрі-дәрмек бойынша нақты ұсы­ныстар беруді де меңгеріп алған. Дәріхана бизнесінде көптеген үдеріс, соның ішінде қойма есебі, сату және кеңес беру алго­ритм­дерге тапсырылуы мүмкін.

Автоматтандырудың орташа тәуекелі ЖИ функциялардың едәуір бөлігін алмас­тырса да, адамды әлі толық ығыстыра алмайтын мамандықтармен байланыс­ты. Заманауи жүйелер желілік трафик­тегі ауытқуларды автоматты түрде анық­тап, осал тұстарды іздеуге, тіпті кибер­шабуылдарға жауап беруге бейімді. Деген­мен бұл жерде адамның рөлін толық жоқ­қа шығару мүмкін емес. Көп­теген ­шабуыл шығармашылық тер­геу­ді, зиянкестердің психологиясын зерт­теуді және күтпеген жағдайларға дайын болуды талап ететіндіктен, ақпараттық қауіпсіздік мамандарына қажеттілік ортаймайды. Сол секілді жасанды интеллект қазірдің өзінде құжаттарды талдап, келісімшарттардың бастап­қы нұсқаларын дайындай алады. Бірақ сот тәжірибесінде соңғы шешім адами бағалауды, оның ішінде моральдық-этикалық компонентті қажет етеді. Яғни құқықтануды толық автоматтандыру кезеңі әлі алыста.

Медициналық алгоритмдер көбіне ауруларды ертерек, тіпті адамдарға қара­­ғанда дәлірек анықтайды. Әйтсе де дә­рі­гер науқастың жағдайын жан-жақ­ты ба­ға­лайтын, онымен байланысатын, емдеу хат­тамасын таңдап, оның сал­дары үшін жауап беретін тұлға болып­ қала бе­реді. Сондай-ақ генеративті тіл­дік­ мо­дельдер кодтың үзінділерін жазып, оны тексере алады, алгоритмдік ше­­шім­дерді ұсынады. Бірақ жақын арада әзір­леушілерді толығымен ­ауыстыру шын­дыққа сәйкес келмейді, өйткені күр­делі жобалар шығармашылықты, абстрак­­тілі ойлауды және клиенттермен, әріптестермен тығыз ынтымақ­тас­тық­ты қажет етеді. ЖИ жаңалықтар­ды, есептерді әзірлеп, оқығанды қайта айтып бере алады. Бірақ журналистік зерттеулер, біре­гей репортаждар мен сараптамалық ма­­қалалар мән-мағы­наны бағалайтын, дерек­­көздермен бай­ланысып, нақты фак­тілер­ді жинайтын тірі адамның шебер­лі­гінсіз туын­дамасы анық. Қазірде сызба­лар­­ды, есептеулерді және дизайнды жа­сау­ға көмектесетін нейрожелілер бар, бірақ олар әдетте жұмыстың күнделікті бө­лігін жеңілдетеді. Шынымен бірегей және сәйкес келетін жобаны жасау үшін сәулет­шілер мен дизайнерлердің тә­жіри­бесі мен көркемдік көзқарасы әлі де қажет. Сон­дай-ақ­ автоматтандырылған алгори­тмдер үлкен көлемдегі деректерді жинауға, тазалауға және өңдеуге, заңды­лықтарды табуға, тіпті бастапқы гипотезаларды тұжырымдауға қабілетті. Алайда жоғары деңгейлі сараптама, нәтижелерді түсіндіру және іскери ше­шімдер қабылдау әлі де адамның қа­тысуын талап етеді. Медициналық зерт­ханашыға келсек, заманауи зертхана­лар сынақтарды адамға қараған­да тезі­рек және дәлірек жүргізетін автомат­ты анализаторларды кеңі­нен қол­дана­тынына қара­мастан, зертханашы әлі де үлгілердің сапасын бақы­лап, ше­кара­лық нәтижелерді түсіндіріп, штат­тан тыс факторларды ескеруі керек.

Жасанды интеллект жақын арада адам­мен бәсекеге түсе алмайтын, әр кез сұранысқа ие мамандықтар да бар. Әдет­те күрделі физикалық күш-жігерді не­месе эмоционалды интеллект пен креатив­тілікті қажет ететін жұмыстар қата­ры­на:­ құрылысшы, сантехник, электрик, мұ­­ғалім, тәрбиеші, психолог, дизай­нер, суретші, әнші, әлеуметтік қыз­мет­кер,­ медбике, күтуші, кәсіби спортшы мен­ жаттықтырушы жатады. Бұл сала­­­лар­да кейбір күнделікті аспек­тілер жеңіл­дегенімен, маманның рөлі талассыз болып қала береді.

Келешекте қандай сценарий шын­дық­қа айналатынын болжау қиын. Кейбір мем­лекеттер кез келген жағ­дайда жұмыс орын­дарын сақтау жолымен жүріп, ро­боттарға салық салса, енді бірі инновациялар мен жаппай қайта даярлау курстарына бет бұ­рары хақ. Қайткен күнде де адамның икем­ділігі мен шығармашылығы көбіне автоматтандыру соққыларынан пайда көреді. Тарихтағы әрбір өнеркәсіптік революция жаңа мүмкіндіктер ашқан. Технологияның үздіксіз дамуы, жасанды зерде мүмкіндіктері болашақта еңбекті ұйымдастыру мен біліктілік талаптарын түбегейлі өзгертетіні айқын. Тапсырманы тиімдірек орындайтын машиналар көптеген салада жұмысшы­ның орнын басып жатқан бүгінгі өмір шындығы түбінде озық өндірісті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға да жол ашады. Демек бұл жағдайда жа­санды интеллект «кәсіптер қабіріне» айнал­майды, бірақ оларды өзгертіп, адам­ды ағымдағы қат-қабат шаруадан босатуға, қол ұзарған сайын болашаққа жаңа мақсаттар қою жөнінде ойлануға негіз салады.