
Фото: ашық дереккөз
Айтулы іс-шарада тұңғыш рет электродинамикалық аспадағы пойыздың алдыңғы вагоны жұрт назарына ұсынылды. Бұл вагон өткізгіштігі жоғары магниттер негізінде жасалған. Оның құрылымы үйкелісті азайтып, жоғары жылдамдықта тұрақтылықты арттыруға бағытталған.
Өндірушінің мәліметі бойынша вагонның ұзындығы – 29,355 метр, ені – 3 метр, биіктігі – 3,5 метр. Шанағы алюминий қорытпасы мен көміртекті талшықтан жасалған.
Жоғары жылдамдықты пойыздың аспа жүйесі төмен жылдамдықта резеңке доңғалақтармен қозғалуға мүмкіндік береді. Алайда 150 км/сағ жылдамдыққа жеткенде ол магниттік левитация режиміне ауысады, бұл қозғалысты әлдеқайда тегіс етеді.
Бұл маглев пойыздарын CRRC компаниясы Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Ухань сияқты мегаполистер арасында қолдануды жоспарлаған көрінеді. Бұйыртса инфрақұрылым құрылысы келесі бес жылда басталуы ықтимал. Өйткені қазіргі уақытта жоба мен жол жүйесі әзірленіп жатыр.
Өткен айда Қытай инновация орталығының мамандары салмағы 1 100 кг болатын прототипті сынақтан өткізген еді. 600 метрлік арнайы телімде пойыз небәрі 7 секундта 650 км/сағ жылдамдыққа жетіп, технологияның әлеуетін анық көрсетіп, дәлелдеп берді.
Тиісті ақпараттарға қарағанда, MODERN RAILWAYS 2025 көрмесіне 14 елден 521 компания қатысып, 72 000-нан астам адам келген. Көрмеде 30 000-нан астам экспонат, оның ішінде 30 пойыз үлгісі көрсетілсе, олардың 22-сін CRRC компаниясы таныстырған.
Осынау ғаламат жоба Қытайдың ұшақтарға балама жоғары жылдамдықты көлік ұсынуға деген ұмтылысын көрсетеді. Маглев пойыздары жол уақытын қысқартып, экологияға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді, әрі орта қашықтықтағы бағыттарда жолаушыларға қолайлы болмақ. Мұндай пойыз біздің елге жіберілсе Астана мен Алматы арасы екі-ақ қадам болады.