
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі бірқатар мектептердің лицензиясыз жұмыс істегені туралы сұраққа жауап берді.
Министрдің айтуынша, білім беру мекемелері оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынуы үшін міндетті түрде лицензиямен жұмыс істеуі тиіс. Бұл талап жергілікті билікке тұрақты түрде ескертіліп келеді.
«Қазіргі таңда лицензиясыз жұмыс істеген 66 мектептің 18-і ғана қалды. Оларды жаңа оқу жылына дейін қалыпқа келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар тиісті шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын 200-ден астам жаңа мектеп ашылады», деді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, кейбір жағдайда әкімдіктер мен білім беру мекемелері лицензия рәсімдеуге уақытында кіріспей жатады. Осыған байланысты министрлік заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынып, мектептерді лицензия алуға дейін толық дайындық сатысынан өткізу механизмін қарастырып жатыр.