
Биылғы байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен он мыңға жуық қатысушы өтініш жолдаған. Солардың ішінен тек 10 эссе ғана финалдық кезеңге өтіп, The New York Times оқырмандарына ұсынылды.
Фариза байқауға ұсынған ашық хатында қазақ қоғамындағы қыз балаларға қойылатын есімдер дәстүрін талдап, осы әлеуметтік-мәдени феноменнің бүгінгі қоғамдағы көрінісін сипаттаған. Ол бұл тақырыпты үлкендердің әңгімелерінен, достарының тәжірибесінен, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі пікірталастардан кейін тереңірек ұғынғанын айтады.
«Бұрынғы жеңімпаздардың хаттарын оқып шыққаннан кейін, мен де өзім үшін маңызды тақырыпты көтергім келді. Қыз балаға қойылатын есім – жай ғана сөз емес, ол оның болашағына әсер етуі мүмкін дәстүрдің көрінісі. Осы жайт мені қатты ойландырды», дейді Фариза.
Байқау ережесіне сәйкес, әр қатысушы нақты бір адамға немесе топқа бағытталған ашық хат жазуы тиіс. Мұндай жанрдағы эссе қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғап, оқырманды ойлануға, әрекет етуге ынталандыруы қажет. Сонымен қатар, автордан тек ақпарат беріп қана қоймай, терең эмоциялық әсер қалдыра білу де талап етіледі. Фаризаның эссесі осы талаптарға толық сай келіп, қазылар алқасының ерекше назарын аудартты.
Айта кету керек, Фариза Фазыл бұған дейін де түрлі халықаралық білім сайыстарына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген. 2025 жылы өткен Infomatrix Asia байқауында екінші орын иеленсе, Technovation Girls жобасында Қазақстан атынан жартылай финалға дейін жеткен.
Гуманитарлық бағыттағы бұл жетістіктеріне қарамастан, Фариза болашағын ғылыммен, нақтырақ айтқанда – биомедициналық инженерия саласымен байланыстырады.
«Эссе, мақала жазу маған ұнайды. Бұл – ішкі жан дүниемді, шынайы толғандыратын тақырыпты еркін жеткізудің жолы. Бірақ болашақта мен ғылым арқылы нақты өзгерістер жасағым келеді», дейді жас талапкер.
Еске салсақ, бұған дейін The New York Times беттерінде елімізден шыққан азаматтардың жазбалары сирек жарияланған. Бұл жолы ортамыздан шыққан жас оқушының өзекті тақырыпқа жазған терең толғанысы халықаралық деңгейде мойындалып отыр.