Аймақтар • Бүгін, 10:00

Абай өңірінен 17 сақ қонысы табылды

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Абай облысындағы Қара­тұмсық қорымынан осыдан 2700–2500 жыл бұрын өмір сүрген сақ тайпасына тиесілі жәдігер табылды. Қоныстардың бірінен 37 асық шыққан. Мұндай бірегей кешен ел аумағында бұрын зерттелген сақ дәуіріне тән қоныстарда алғаш рет кездесіп отыр. Тарихтың кені ашылған кешенде сақ­тарға қатысты тың ғы­лыми жаңалық жетерлік.

Абай өңірінен 17 сақ қонысы табылды

Shakarim University мен Ә.Х.Мар­ғұлан атындағы Археоло­гия инс­титуты Абай облысы Жаңасе­мей ауданы Қараөлең ауы­лына қарасты Қаратұмсық қо­рымында археологиялық ғылы­ми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қос ғылым ордасы зерттеу жұмыстарын Ғылым және жо­ға­ры білім министрлігі Ғылым ко­ми­те­тінің «Абай облысын ке­шен­ді та­рихи-археологиялық зерттеу» ғы­­лы­ми жобасы аясында қолға алған-ды.

Қаратұмсық археологиялық ке­шені – Шығыс Сарыарқа айма­ғы мен Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан жерде тұңғыш рет кешенді түрде археологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Осынау игі істің басы-қасында жүрген археолог Айдын Жүнісханның айтуынша, Абай ­облысы аумағындағы тарихи-мәде­ни мұра ескерткіштерін анық­тау, тізімге алу және зерттеу мақ­сатында кешенді ғылыми ­зерттеу қолға алынып отыр.

«Екі университеттің Архео­ло­гия институты ғалымдары бір­­ле­сіп биыл бұрын-соңды археоло­гия­лық тұрғыдан зерттелмеген, тың аймақ Жаңасемей ауданында зерттеу жұмыстарын бас­та­ды. Барлау жұмыстары Қараөлең, Ақбұлақ, Абыралы, Көкентау, Жиенәлі, Алғабас, Айнабұлақ, ­Дос­тық, Приречный ауылдары­ның аумағында атқарылды. Гео­гра­фия­лық тұрғыдан Дегелең, Абы­ралы, Жаңғызтау, Көкентау, Доғалаң, Мыржық, Дуана, Ар­қар­лы, Семейтау және тағы бас­қа ұсақ шоқылы тау жүйеле­рін­­­дегі ескерткіштер зерттелмек. Бар­лау жұмысы бары­сын­да барлы­ғы 200-ге жуық архео­ло­гия­лық ескерт­кіш анық­тал­ды. Ескерт­кіш­тердің басым бөлігі қола дәуі­рі мен ерте темір дәуірінің жер­­леу орындары, тас дәуірінің тұ­­рақ­та­ры және сақ заманының қо­ныста­рына тән», дейді археолог ғалым.

сақ

Оның айтуынша, кешеннен сақ заманымен сәйкес келетін 17 қоныс табылған. Бүгінге дейін Абыралы-Қайнар өңірінде сақ қоныстарының бар екені айтылып жүрсе, археологиялық зерттеу нәтижесінде нақты қоныс орындары бары дәлелденіп отыр. Олардың беткі қабатынан 70-тен аса тастан жасалған еңбек құ­ра­лы, қыш ыдыс бөлшектері мен тұрмыстық бұйымдар табыл­ған. Бұл материалдар осыдан ­2700–2500 жыл бұрын (б.з.д. IX–VII ғасыр­­­лар шамасы) осы өңірде өмір ­с­үр­­ген сақтардың мәдени-эконо­ми­ка­лық даму деңгейін, мал шаруа­­шы­лығы, егіншілік пен металлур­­гия саласын­дағы озық тәжірибе­­сін айғақтап, Орталық Азия, Сібір өңір­лерімен мәдени байланы­сын терең зерттеуге мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар архео­логиялық кешен еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінің де архео­логиялық әле­уеті жоғары екені­нің дә­лелі бола алады. Біл­­генге, бұл «тіс шұқып отырып» айта салатын қы­сыр сөз емес, астын сызып айтар тарихи жаңалық.

«Археологиялық зерттеу барысында ежелгі заманда адамдардың тұрмыста және шаруашылық мақ­сатта қолданған еңбек құралдары, қыштан жасалған ыдыстардың қал­дықтары табылды. Ерекше назар аударарлық олжа – бір тұрғын-жай ішінен табылған 37 асық. Мұндай көлемде бір нүктеден та­былған асықтар Қазақстан археологиясында бұрын-соңды кездеспеген және бұл жәдігерлер сақ дәуіріндегі ойын-сауық, діни-мәдени ғұрыптар туралы тың мәлімет береді. Сонымен бірге жәдігерлер қазақ даласының байырғы тұрғындарының керамика, металл өндіру, құрылыс және мал шаруашылығы сияқ­ты салаларда жоғары технология­лық деңгейге қол жеткізгенін көрсетеді. Қара­тұмсық – ХХ ғасырда жабық болған, архео­ло­гиялық тұрғы­дан толық зерттелмеген Семей полигоны аймағын­да шоғырланған тарихи-мәде­ни мұра ескерткіштерін зерттеу­ге мүмкіндік берген маңызды нысан. Бұл ескерткіш – ғылыми құндылық қана емес, сондай-ақ мемлекеттің мәдени мұрасын сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің нақты үлгісі болмақ», дейді ғалым А.Жүнісхан.

Расында, өңделген 37 асық­тың ай­тар сыры әлі мол. Күні кеше күл­лі әлемге дүбірі жеткен V көш­­пе­­лілер ойынының көрігін қыз­­­­дыр­­ған, біздің бүгінгі ұлттық ойын­­дары­мыз­дың ең негізгісі, ауыл­­­да өс­кен әр қарадомалақ­тың сү­йікті ойыны – асық ату екені анық. Ал оның тамыры тереңде жат­­­қа­ны, са­бағы сақ дәуірімен бай­ланысы барын білгенде, рас, кеу­де­міз­ді бір мақтаныш кернегені бар.

Сонымен бұл экспедиция­ңыз Абай облысындағы археоло­гиялық мұраны кешенді зерт­теуді үйлес­тіретін негізгі ғылы­ми орталыққа айналып отыр. Қаз­ба жұмысына Шәкә­рім универ­ситетінің оқытушы­ла­рымен қа­тар еліміздің өзге де жоғары оқу орнының студенттері қаты­сып, далалық археология әдістерін мең­геріп, тәжірибенің тәтті дәмін татып жүрген көрінеді.

архео

«Қаратұмсық археологиялық кешенінде жүргізіліп жатқан жұ­мыстармен танысып, ерекше әсер алдым. Бұл – археоло­гия­лық жаңалық қана емес, ұлты­мыздың терең тарихына жол ашатын маңызды ғылыми жетістік. Та­был­ған жәдігер­лер – ата-бабала­ры­мыздың отырықшылық мәде­ниеті, шаруашылық дәстүрі мен рухани өмірінен сыр шертетін бірегей деректер. Әсіресе бір жер­де табылған 37 асық сақ дәуі­рін­дегі балалардың ойын-сауық мәдениетіне қатысты алғашқы нақты дәлелдердің бірі болуы мүм­­­­кін. Шәкәрім университеті­­нің Ә.Х.Марғұлан атындағы Архео­ло­гия институтымен бірлесе ­ат­қарып жатқан бұл жобасы – ғы­лыми бай­ланыстың жарқын үл­гісі. Екі ұжымның бірлескен ең­бегі нәти­жесінде бұрын белгісіз бо­лып келген тарихи деректер жа­ңаша сипат алып отыр. Сон­дай-ақ осы далалық зерттеуге бел­­­сенді қатысып жатқан сту­дент­­­­тердің жұмысын ерекше атап өте­мін. Олар теория­лық бі­лім­ді тәжірибемен ұштас­ты­рып, археологиялық әдістерді кәсіби дең­гейде меңгеріп келеді. Бұл – бо­лашақ мамандар үшін баға жетпес мүмкіндік әрі отан­дық ар­хеология ғылымының лайық­ты жал­ғасы. Осы бағыттағы жұ­мыс­­тар алдағы уақытта да жал­ға­­сып, жастар үшін үлкен тәжі­р­и­­бе мек­тебіне айналатынына сені­мі­міз зор», дейді Шәкәрім уни­вер­­­си­тетінің ректоры Думан Орынбеков.

Қос білім ордасының ғалым­дары тап­қан сақ қоныстары әлі де зерт­теліп-зерделене түспек. Олардың қазба жұмысынан анықтаған сақ тұр­ғын-жайының құрылымдық ерек­­шеліктері, ішкі жоспары, құры­лыс материалдары мен түрлі бұйым да жүйелі зерт­теуді қажет етеді. Сонымен қатар архео­логиялық жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музе­йі­нің экспозициясын жаңа маз­мұн­мен толықтырып, өңірдің көне мәде­ниетін халыққа таныта бермек.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

Аймақтар • Бүгін, 10:40

Әлібидің жарқын жеңісі

Жекпе-жек • Бүгін, 09:40

Құтқарушылардың қоныстойы

Құтқарушы • Бүгін, 09:20

Уран өңдеу зауыты іске қосылды

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қоқыс импорттайтын мемлекет

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50

Төрт жылда бір келетін мүмкіндік

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40

Бирма жазуының сыры

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Жұмбақ Ницше

Мың бір мысал • Бүгін, 08:25

Заманауи киіз үй

Өнер • Бүгін, 08:05

Экобуккроссинг сөресі іске қосылды

«Таза Қазақстан» • Кеше