
Министрдің айтуынша, әр білім беру ұйымы Білім күніне арналған салтанатты жиынды қашан әрі қалай өткізетінін өз бетінше шешеді. Мұндай шешім Конституция күніне байланысты қабылданған. Атап айтқанда, 30 тамыз Конституция күні биыл сенбіге сәйкес келеді. Осыған орай, демалыс күні 1 қыркүйек, дүйсенбіге ауыстырылады. Сәйкесінше, бұл күн ресми демалыс болып есептеледі.
Сабақтар 2 қыркүйекте басталады. Ал мерекелік жиындар мен оқушыларға арналған алғашқы сабақ «Адалдық сағаты», «Білім сабағы» сынды іс-шаралар мектептердің ішкі жоспарларына қарай не 1 қыркүйекте (демалыс күніне қарамастан), не 2 қыркүйекке ауыстырылып өткізіледі.
«Биылғы оқу жылы ерекше жағдайда басталғалы тұр. Білім күні ресми демалысқа сәйкес келгендіктен, мектептерге мерекелік іс-шараларды өткізу тәртібіне байланысты еркіндік беріліп отыр. Әр мектеп өз дәстүрі мен мүмкіндігін ескере отырып, салтанатты жиынды қай күні өткізетінін өзі шешеді. Бұл – ата-аналар мен оқушылардың ыңғайына қарай бейімделуге мүмкіндік береді», деді Ғани Бейсембаев.