Қоғам • Бүгін, 09:05

Байланыс көрсеткіші жақсарды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде мемлекет пен азаматтар арасындағы кері байланыс тетіктері қарқынды дами түсті. Бұл бағыттағы маңызды құралдардың бірі – epetition.kz платформасы.

Байланыс көрсеткіші жақсарды

Фото: Depositphotos.com

Аталған цифрлық алаң арқылы азаматтар 1 мыңнан аса петиция жолдап, қоғамды толғандыратын мәселелермен танысуға мүмкіндік алды. Портал қоғамдық бастамаларды білдірудің және мемлекеттік органдардың назарын өзекті тақырыптарға аударудың тиімді арнасына айналып келеді.

Мемлекеттік басқаруда ашық­тық пен есептілікті арттыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау жүргізу функциясы жүктелді. Есепті кезеңде 61 ақпарат иесіне қатысты тексеру жүргізіліп, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 16-бабында көзделген нормалар бойынша анықталған құқық бұзушылықтарды жою жөнінде ресми хабарламалар жолданды.

Азаматтардың өтініштерін қарау мәдениетін жетілдіру мақ­сатында елордадағы Аза­маттарды қабылдау орталығының тәжірибе­сі еліміздің барлық өңіріне енгізіл­ді. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бүгінде республика бо­йынша 150-ден аса осындай орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда азаматтар мемлекеттік қызметтерге жүгініп, әкімдік өкілдерінен кеңес сұрап, белгіленген кесте бойынша жеке қабылдауға жазыла алады. Орталықтардың инфрақұрылымы тұрғындардың әртүрлі санаты үшін қолайлы әрі қолжетімді болуына жағдай жасайды.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ашықтық индексі бойынша алдын ала нәтижелер жасалып, олар Президент Әкімші­лігінің және орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен жиында ұсынылды. Бұл бағалау 48 орталық және жергілікті атқарушы органның қызметін қамтып отыр.

Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың цифрлық әрі институционалдық тетіктерін дамыту тиімді басқаруды қамтамасыз етуге және халық сенімін нығайтуға бағытталған қазіргі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала бермек.