Қоғам • Кеше

Ардагерлерге 8,5 млрд теңге жәрдемақы төленді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылы Қазақстанда 80 мыңнан астам ардагерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ардагерлерге 8,5 млрд теңге жәрдемақы төленді

Фото: Ашық дереккөз

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 80 932 ардагер тіркелген. Олардың ішінде:

  • Ұлы Отан соғысына қатысқандар – 96 адам;
  • ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер – 16 630 адам;
  • Басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер – 26 580 адам;
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 37 626 адам.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталған санаттағы азаматтарға 2025 жылы 8,5 млрд теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленген. Жалпы, бұл мақсатқа 17 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Жәрдемақылар республикалық бюджеттен ай сайын төленеді және ардагердің басқа да әлеуметтік төлемдер алуына қарамастан, төмендегі мөлшерде беріледі:

1) ҰОС ардагерлері – 16 АЕК (2025 жылы – 62 912 теңге);

2) жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:

- ҰОС кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК (2025 жылы – 29 687 теңге);

- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);

3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:

- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);

- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (2025 жылы – 18 874 теңге);

4) ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (2025 жылы – 8 376 теңге).