Заң мен Тәртіп • Кеше

Жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Шілденің 27-інен бері Байқоңыр ауданы ПБ ЖПҚБ Ювеналдық полиция қызметкерлері түнгі уақытта көшеде жүрген 40-қа жуық жасөспірімді анықтады, деп жазады Egemen.kz

Жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды

Жалпы заң бойынша кәмелетке толмаған балаларға түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда, ойын-сауық орындарында және 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Осыны негізге ала тәртіп сақшылары республика көлемінде «Түнгі қаладағы балалар» атты іс-шараны жиі ұйымдастырады. Мұндағы мақсат – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен оларға қатысты қылмыстың алдын алу.

Кешенді іс-шара аясында елордалық полицейлер 27-29 шілде аралығында ойын-сауық орындары, сауда орталықтары мен көшелерді аралап, проблемалық мекенжайларды тексерді. Нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қадағалауынсыз үйлерінен тыс жерде жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ тұрмысы нашар екі отбасы анықталып, профилактикалық есепке алыныпты.

Оның бірі – Байқоңыр ауданы аумағында орналасқан жатақхананың бірінде бөлме жалдап тұратын азамат Н.А.. Ол осы уақытқа дейін ішімдікке салынып, өзінің кәмелетке толмаған бес баласының тәрбиесімен толыққанды айналыспаған. Полицейлер жасөспірімдерді Астана қалалық «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырған. Әрі қарай отбасы туралы материалды Байқоңыр ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның келесі отырысына қарауға әзірлеуде.

Сонымен қатар ювеналдық полиция бөлімі екі жасөспірімді жеке профилактикалық жұмыс жүргізу мақсатында өз бақылауына алған.