
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ол кісі – өмір бойы ұстаздық еткен, ауылдастарына адалдығымен, әділдігімен танылған, мінезі қатаңдау болғандықтан, бала-шағасы қабағына қарап, қаймығып тұратын адам. Кейін зайыбы дүние салған соң бөлек тұратын кенже ұлы қолына алды. Өзге ұл-қыздары халін біліп, хабарласып, сый-құрметтерін көрсетіп тұрады. Сондықтан да бір кездегі оларға деген өкпе-ренішін ұмытқан. Онысы өзімшіл көңілдің пендешілігі болғанын түсінген тәрізді.
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген балалары бойынан қуат кетіп, көзінен нұр тайған шағында қарттар үйіне апарып тастап, керексіз еткен мүсәпір жандар бүгінгі қоғамымызда аз емес. Қазір елімізде мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын 46 қарттар үйі бар. Соның ішінде біреуі – үкіметтік емес ұйым. Оларда бүгінде 6 мыңға жуық қария өмір сүріп жатыр. Бұл ретте оң нышан ретінде мемлекеттік қарттар үйлерінің саны 2017 жылғы 51-ден былтыр 45-ке дейін азайғанын айтуға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023 жылғы 22 маусымдағы бұйрығымен бекітілген «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына» сәйкес қарттар үйлеріне ата-аналарын асырап-бағуға міндетті кәмелетке толған балалары мен қамқорлық жасайтын жұбайы жоқ, зейнеткерлік жасқа жеткен, өзіне қызмет көрсете алмайтын қарт адамдар қабылданады. Олар – І, ІІ топтағы мүгедектігі, онкологиялық, психикалық аурулары бар, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан, психикалық диспансерде есепте тұрған қарт адамдар. Араларында ұл-қыздары әртүрлі қызмет атқарып, кәсіпкерлікпен айналысып, талайдан ілгері тұрмыс кешіп жүргендер де бар. Қариялардың зейнетақысының 70 пайызы қарттар үйінің шығынын жабуға ұсталады.
Осы орайда назар аударарлық жайт – Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны зейнеткерлерге ақылы негізде де қызмет көрсетіп отыр. Олардың осы орталықта тұру ақысын балалары төлейді. Елорданың «Көктал–1» тұрғынжай алабында орналасқан мекемеде қарт адамдарға барынша жайлы тұрмыстық жағдай жасалып, олардың бос уақытын ұтымды өткізуге арналған іс-шаралар қарастырылған. Мұндай қариялар зейнетақыларын толықтай өздері жұмсайды. Кейбіреулерін сенбі-жексенбі күндері ұл-қыздары үйлеріне алып кетіп, демалыстарын отбасында бірге өткізеді. Шынтуайтында, қартайған кезде жан жарынан айырылып қалған, немере-шөбелерін бағуға көмектеспек түгіл, өздерінің жүріп-тұруына жәрдем қажет қариялар қаладағы пәтердің төрт қабырғасында қамалып отырғаннан гөрі аталған орталықта әлеуметтік қызметшілердің көмегіне сүйеніп, өз замандастарымен бірге әңгіме-дүкен құрып, көңілдірек күн кешкенді құп көреді.
Өкінішке қарай, қамкөңіл қарияларға қарттар үйлерінің бәрінде бірдей қалтқысыз қамқорлық жасалып отырған жоқ. Мысалы, бұдан үш жыл бұрын Қаржы мониторингі агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жергілікті Ардагерлер үйінің қызметкерлерін сонда тұрып жатқан 25 зейнеткер мен мүгедектігі бар адамның жалпы сомасы 1,3 миллион теңге зейнетақысы мен жәрдемақысын жымқырып, өзара бөлісіп жатқан сәтінде қолға түсіргені жадымызда. Олар мұндай қылмыстық «кәсіппен» бес жыл бойы айналысып келген екен.
Осы жылдың басында Павлодар облысы Ақсу қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Қамқор» әлеуметтік қызметтер орталығында қарияларға зорлық-зомбылық жасалатындығын әшкереледі. Аталған пансионаттың бақылау камерасы түсірген бейнежазбаларда бір әлеуметтік қызметші екі дәрменсіз қарт адамды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыс ішінде көшеге сырт киімсіз шығарып, қасақана суыққа тоңдырып тұрғаны бейнеленген. Жәбірленушілердің бірі 84 жаста екен. Қатыгез қызметкер жақында сот үкімімен 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Ақсу қаласында болған сол келеңсіз оқиғаға байланысты Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, онда қарттар үйлері қызметкерлерінің моральдық-этикалық қағидаларды сақтамауы, олардың қызметіне бақылау жеткіліксіздігі, білім беру жүйесінде тұлғаның жеке жетістіктеріне басымдық берілгенімен, оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, отбасы құндылықтарын қастерлеуіне, әсіресе үлкендерді құрметтеуіне жеткілікті назар аударылмайтындығы сияқты кемшіліктерді атап көрсетті. Оған берілген ресми жауапта биылдан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілгендігі, оның негізгі мақсаты қызмет алушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, тиісті деңгейде қажетті жағдай жасау екендігі, аталған мекемелердің қызметіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті комитетінің аумақтық департаменттері талдау және бақылау жүргізетіндігі мәлімделген. Сондай-ақ 2024–2025 оқу жылында мектепке дейінгі, орта және кәсіби білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілген. Жалпы, білім беретін мектептерде Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құрылып, олар ата-аналарға балаларды оқыту, тәрбиелеу жөнінде әдістемелік, практикалық көмек көрсетіп жатыр. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда болған биылғы отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырма бойынша Үкімет әзірлеп жатқан «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасында да дәстүрлі моральдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шаралар қарастырылмақшы.
А. Әлтай: «Ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жеке тұлғалардың еңбек табысының бір бөлігі әке-шешесіне тиесілі болғаны әділеттілікке сай келер еді», деген ұсыныс та білдірген. Оған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске сәйкес еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасамаған жағдайда олар өз балаларынан сот тәртібі арқылы алимент өндіріп алуға құқылы» деген жауап беріліпті. Алайда қарттар үйіне тапсырылған ата-аналардың көбі тасбауыр перзенттерінен алимент өндіріп алу үшін сотқа жүгінуге арланатындығы анық. Сондықтан да алдағы уақытта бұл мәселенің шешімін заң шығару құқығына ие Мәжіліс депутаттарының өздері қарастырса, құба-құп.
Көптен таныс бір ақсақал Қостанай қаласынан елордаға қоныс аударып, осында тұратын үш қызының босағаларын сағалап жүр. Зайыбы өмірден өткен соң ішімдікке салынған әрі сөзуар адам. Жалғыз ұлының орысша оқып-тәрбиеленген әйелі оған: «Мен арақтан аузы құрғамайтын маскүнем, күнде миымды жейтін мылжың шалмен бірге тұра алмаймын. Не менімен, не онымен бірге тұр», деген екен үзілді-кесілді. Сол себепті ұлы әкесіне келіп: «Менің кіммен тұруым қажеттігін енді өзің шеш», депті. Әдемі қартая білу үшін де адамға үлкен ақыл-парасат қажет-ау...