
Фото: Ашық дереккөз
Қала әкімдігінің хабарлауынша, Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл жарыс үш жас ерекшелігін қамтиды: жасөспірімдер, жастар және ересектер санаты. Қазіргі таңда 750-ден астам спортшы өз қатысуын растаған.
Байрақты бәсекеге Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және бейтарап мәртебесі бар (AIN) спортшылар қатысады.
Айта кетейік, ұзақ үзілістен кейін Қазақстан әлемдік таеквондо қауымдастығының назарын қайта аударып отыр. Бұған дейін елімізде G-1 санатындағы халықаралық турнирлер 2015 жылы Алматыда және 2017 жылы Атырауда өткізілген болатын.
Биылғы дода жаңартылған халықаралық стандарттар бойынша, KPNP K-2 жүйесі арқылы өтеді. Қазақстанда тұңғыш рет дәл әрі әділ есепке алуға мүмкіндік беретін KPNP компаниясының жаңа электронды қолғаптары қолданылады. Сонымен қатар, бұл турнир аясында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім тобы алғаш рет елімізде өнер көрсетеді.
Іс-шараға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының басшысы және World Taekwondo кеңесінің өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев турнирдің ел ішінде де, халықаралық деңгейде де таеквондоның дамуына ықпал ететінін атап өтті.
«Kazakhstan Open турнирін Астанада өткізу – халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздегі таеквондоны дамытуға бағытталған маңызды қадам. Елорда төрінде әлемнің үздік спортшылары бас қосып, жастарға шабыт береді, ал Қазақстан өз әлеуетін жаһанға таныта алады. Бұл жарыс еліміздегі таеквондо дамуының серпінді жалғасы боларына сенемін. Бізге сенім артқан серіктестер мен Дүниеүзілік федерацияға алғысымыз шексіз», деді Құдірет Шамиев.