Экономика • Кеше

Биыл 94 елді мекенге табиғи газ жеткізіледі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді газдандыру мен газ саласының әлеуетін арттыру бағытында биыл елімізде 62 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Биыл 94 елді мекенге табиғи газ жеткізіледі

Фото: Ашық дереккөз

Оның айтуынша, 2025 жылы 94 елді мекенге газ беріліп, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді.

«Қыркүйек айында ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры іске қосылады, бұл 60-тан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Роман Скляр.

Айта кетейік, сәуір айында «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталған. Бұл инфрақұрылымдық жоба 2026 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Ал мұнай-газ химиясы саласында биылғы алты айда 380 мың тоннадан астам өнім өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға жоғары көрсеткіш.

Мұнай өнімдерінің жалпы өндірісі 7,6 млн тоннаны құрап отыр. Жылдық жоспар — 14,8 млн тонна.