Аймақтар • Кеше

Ақтөбе облысында он екі ауыл жабылуы мүмкін

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында оқушылар санының аздығына байланысты 12 ауыл мектебін (9 орта, 3 негізгі) оңтайландыру жоспарланып отыр. Мектептердің жабылуы  12 ауылдың келешегіне де  қауіп төндіреді. Оның үстіне, осы елдімекендер  Ресей Федерациясының Орынбор облысының  шекара шебінен 30–40 шақырым  қашықтықта  орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысында он екі ауыл жабылуы мүмкін

Оңтайландыруға іліккендердің қатарында 411 тұрғыны бар Байторысай, 186 тұрғыны бар Дмитриевка ауылы, 314 тұрғыны бар Полтавка ауылы, 397 тұрғыны бар Байнассай ауылы,  422 тұрғыны бар Вознесеновка ауылы, 384 тұрғыны бар Қызылжар ауылы,  197 тұрғыны бар Шевченко ауылы, 359 тұрғыны бар Бөрте ауылы, 351 тұрғыны бар Хазірет ауылы, 436 тұрғыны бар Қаратаусай ауылы, 515 тұрғыны бар Аққайың ауылы, 290 тұрғыны бар Құрмансай ауылы іліккен. 

«Шекара шебіндегі ауылдардың мектептерін ықшамдау  тұрғындардың  жаппай көшуіне әкеліп соқтырады. Мектебі жабылған жұртты ұстау қиын. Бұл  түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Оның үстіне, мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында шекаралық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтіп, нақты тапсырмалар берді. Осы мақсатта  «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы  шекаралық аймақтарға  арнайы заң қабылдауды  ұсынып отыр. Дәл қазіргі уақытта қаржы үнемдеу мақсатында елдің тағдырына қатысты асығыс шешімдер қабылдаудың қажеті жоқ. Біз барша жұртшылықты, қоғамдық ұйымдар өкілдерін, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын  шетін мәселеге назар аударуларын сұраймыз. Мектептері оңтайландыруға түсетін елдімекендер тұрмысқа қолайлы,  шаруаға жайлы, көлік жолдарына да жақын. Былай қарағанда, он екісі де азып тұрған ауылдар емес. Мәселен,  үш елдімекеннің балалары қатынап оқитын Құрмансай  мектебіне  биыл ғана 270 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Біз шекарадағы Мәртөк ауданының  мектептерін оңтайландыру тізімінен шығаруды сұраймыз», дейді «AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Әнуар Искарин.

Ақтөбе облысы